Қарағанды облысында ұлттық тағамдар челленджі басталды
Нәтижесі Тәуелсіздік күнінде жарияланады. Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағы қандай ауқымды шаралар қолға алынған?
Әдетте қазақтың асханасы десе, әуелі көз алдымызға ет пен сорпа, бауырсақ пен қымыз келеді. Дегенмен, көшпенділер асының біз білмейтін сан түрі бар екен. Зерттеушілер мен этнограф ғалымдар қазір қолданыста жоқ тағамның 200-ге жуық түрін тапқан. Челлендж арқылы соның біразын халыққа насихаттау жоспарланып отыр.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өңірде 6 бірдей мектеп ашылған. Жыршы, термеші, күйші, ақындарды тәрбиелейтін бұл өнер ордаларында қазір 100-ге жуық бала оқиды.
Айтбай Жұмағұлов, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің басшысы:
– «Рухани жаңғыру» деген ол бір күндік шаруа емес. Ол ұлттың дамуына, мемлекеттің өркендеуіне, жастардың рухани азық алып, рухани жан-дүниесін байытып, бұрыңғы мұраларды сақтай отырып, жаңа заманның технологиясын игере отырып, жаңа қазақтың болмысын таныту.
Бағдарламаның түпкі мақсаты – қоғамдық сананы жаңғырту. Осы бағытта облыста жыл басынан бері 900-ге жуық шара өткен. Соның бірі – еліміздің киелі жерлерін көпшілікке таныстыру, насихаттау.
Әйгерім Аязбай, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің бөлім жетекшісі:
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 6 бағыт және 17 арнайы жоба бойынша жүзеге асырылады. Осы 2020 жылы бізге тағы да арнайы 4 жоба қосылды. Ол «Еңбек елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет», «Үнем қоғам қуаты» және «Дәстүр мен ғұрып».
Өңірде «Туған жер» бағдарламасы да жемісті жүзеге асып келеді. Мәселен, Қоянды ауылында жергілікті кәсіпкер балалар алаңы мен алма бағын салса, Ералиев ауылының тұрғындары өз күштерімен жол жөндеген. «Мұндай мысалдар мыңдап саналады», – дейді жобалық кеңсенің жетекшісі.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев