Жамбыл Жабаев туралы биографиялық фильм түсіріледі
Сондай-ақ өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да табысты жүзеге асуда. Мемлекеттік хатшы осы жұмыстардың орындалу барысымен танысты. Қырымбек Көшербаев алдымен Тұңғыш Президент – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болып, Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздікті қалыптастырудағы тарихи рөлін айшықтайтын музей экспозицияларымен танысты. Одан соң Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейіне барды. Жамбыл мен оның өнердегі пірі Сүйінбай Аронұлының, композитор әрі дирижер Нұрғиса Тілендиевтің рухына тағзым етті. Алматы облысында мерейтойлық іс-шаралар жоспары әзірленді. Онда Жамбыл туралы биографиялық фильмнің түсірілімі, ақын туралы кітаптар шығару, ақындар айтысын өткізу және өзге де шаралар қарастырылған.
Салтанат Жамбылова, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейінің меңгерушісі:
- Нұр-Сұлтан қаласында 26 ақпан күні Жамбыл атамыздың 175 жылдығы салтанатты түрде ашылады. Соған жылжымалы көрмемізді апарайын деп жатырмыз. Мұның барлығы – атамыздың өмірін, шығармашылығын насихаттау.
Жамбыл Жабаевтың мерейтойын өткізуге байланысты үкіметтік деңгейде арнайы комиссия құрылған. Өткен жылы ақыл-ойдың алыбы, жазба әдебиетіміздің негізін салушы ұлы Абайдың мерейтойы болса, биыл – қазақ ауыз әдебиетінің айтулы тұлғасы, эпик ақын, жыр алыбы Жамбыл бабаның рухы асқақтайтын жыл. Мемлекеттік хатшы мұндай біртуар тұлғалардың асыл мұрасын насихаттаудың рухани жаңғыруға, әсіресе жастардың тәрбиесіне зор ықпал ететінін атап өтті.
Қырымбек Көшербаев, ҚР Мемлекеттік хатшысы:
-Айтыс өнерінің шыңында Жамбыл атамыз тұр. Оның жыр алыбы атануына себепкер болған Сүйінбай атамыз бар. Сондықтан осындай рухани дәстүрді жалғастыруымз керек. Біз ХХІ ғасырдың әртүрлі сын шақыруына лайықты жауап беру үшін ұлттық рухани жаңғырудың бастауында тұрған тұлғаларымыз – Абай мен Жамбылды ұмытпауымыз керек. Осы кісілердің әруағы бізді қолдайды деп ойлаймын. Ниетіміз қабыл болсын!