Сармат мәдениетіне тиесілі «Алтын адамға» реконструкция жасалмақ
Оның киімі мен құрал-саймандарының қалдықтары осыдан екі жыл бұрын Темір ауданының Тасқопа ауылы маңындағы қорымнан табылған. Ал киімі мен алтыннан құйылған әшекейлерді жергілікті зергер Болат Атыраубаев қайта жасап шығарды. Олардың қатарында таза алтынмен апталған белдік, бас киім қалдықтары, темір қылыш пен садақ және қамшының сабы бар. Жерлеу салтына көңіл аударған тарихшылар: «Көмілген тұлға – сармат дәуірі көсемдерінің бірі», – деп топшылап отыр.
Болат Атыраубаев, зергер:
- Бұрынғы шеберлердің қандай деңгейде болғаны мені маман ретінде таңғалдырды. Өйткені жоғары сынамалы алтын от тисе балқып кетеді. Соны бұрынғы шеберлердің қалай жасағаны – бізге осы уақытқа дейін тылсым дүние. Олардың көшірмесін жасау – мен үшін үлкен абырой.