Онлайн Наурыз: шетелдік қазақтар Ұлыстың Ұлы күнін қалай тойлап жатыр?
Пандемияға байланысты іс-шара онлайн форматта өтті. Осыдан 11 жыл бұрын Наурыз халықаралық мереке ретінде бекітілген еді. Бүгінде Ұлыстың ұлы күні әлемнің 10-нан астам мемлекетінде тойланады.
Жер жаһанның түкпір-түкпірінде тұратын отандастарымыз да осы күні ақ дастархан басында бас қосып, мәре-сәре болатын. Алайда биыл пандемияға байланысты әз-Наурыз бұрынғыдай кең көлемде атап өтілмеді.
Джон Данхилл – Ұлыбритания азаматы. 7 жыл бойы Қазақстанда тұрған. Сондықтан оған еліміздің мерекелері де, ас мәзірі де таңсық емес. Ұлыстың Ұлы күні наурыз көже дайындап, табалдырығын аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алуды да дәстүрге айналдырыпты.
Джон Данхилл, Лондон тұрғыны:
- Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Қайда барсаң жол болсын! Қыдыр ата қолдасын!
Ұлыбританияда ұлттық тағамдарымызды дайындау оңай іс емес. Жылқының еті сатылмайды, қазы-қарта, жал-жая да жоқ. Сондықтан ет арнайы тапсырыспен Уругвайдан алдырылған.
Лондондағы қазақстандықтар екінші жыл қатарынан Ұлыстың Ұлы күнін үйлерінде атап өтуге мәжбүр. Биыл отандастарымыз халықаралық онлайн форум ұйымдастырып, шетелдіктерді еліміздің мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен осылайша таныстырды.
Майкл Сагатис, зерттеуші:
- Қазақстанға барғанда Нұрбұлақ ауылына тоқтаған едім. Сол кезде жергілікті тұрғындар осы шапанды сыйға тартты. Қазақтардың қонақжайлығына, бай мәдениетіне тәнті болдым.
Пандемия көсіліп той жасауға, мерекені кең көлемде атап өтуге тұсау салғаны белгілі. Берлинде де Наурыз мерекесіне арналған концертте көрермен көп болған жоқ. Алайда алыстан тамашалаған ағайын саны біршама.
Дәурен Кәріпов, Қазақстанның Германиядағы елшісі:
- Бұл концертке қатысушылар – Германияда тұрып жатқан әрбір ұлттың өкілінен жиналған өнер адамдары. Сол себепті көрсетіп отырған өнерлері ерекше бір әсер беріп отыр.
Наурызды АҚШ-та тұратын қазақтар да атап өтті. Мұнда да отандастарымыз ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, қазақтың салт-дәстүрін, тағамын, ән-күйін шетелдіктерге паш етті.