«Үркер» сыйлығының үздіктері анықталды
Сондықтан әуелі байқауды бір қорытындылап алсақ. 2017 жылдан бері бұл байқауға 2 мың 800-ден астам жұмыс келіп түссе, соның 248-і байқаудың шорт-парағына енген. Ал жеңімпаздар саны 60-тан асып жығылады. Яғни олар – отандық баспа журналистикасының үздіктері. Енді биылғы байқауға келсек, барлығы 340 жұмыс келіп түскен. Бұл жолғы доданың өз ерекшелігі де жоқ емес. Әдетте байқау 11 номинация бойынша өткізілсе, биыл олардың саны – 12. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жаңа бір номинация қосылып отыр. Құрамына беделді журналистер мен халықаралық медиасарапшылар енген қазылар алқасы үздік жұмыстарды анықтап, есімдерін жариялады. Олар бұл жұмыстың оңайға түспегенін айтады.
Дәулеткерей Кәпұлы, қазылар алқасының мүшесі:
- Бәрінің пікірі бір жерден шыға қойған жоқ. Таңдау қиындау болды. Қазылар алқасының бір мүшесі ретінде мен 4 номинацияны қарадым.
Қазылар алқасының шешімімен шорт-параққа 44 номинант енді. «Жылдың үздік репортажы» аталымы бойынша baigenews порталының тілшісі Әнуар Абдрахманов үздік деп танылса, «Жылдың үздік аналитикалық материалы» Ақиқат журналында. Ал биыл енгізілген жаңа номинация «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған үздік материал» номинациясын «Семей таңы» газеті жеңіп алды.
Риза Молдашева, «Үркер» ұлттық сыйлығының жеңімпазы:
- Біз жыл сайын қатысатынбыз. Бірақ жарты финалға ғана жететінбіз де, жеңбейтінбіз. Биыл да солай болады деп ойлағам.
Гүлжан Марқабаева, тілші:
- Байқау барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистер қауымын келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтады. Оның айтуынша, мұндай марапаттар қалам ұстаған қауымның еңбегін бағалай үшін өте қажет. Ұлттық бәйге жеңімпаздары «Үркер» естелік мүсіншесінің және бір миллион теңге мөлшеріндегі қаржылай сыйлықты қанжығаларына байлап қайтты.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Айдын Құсанбеков