«Славян базары - 2021» халықаралық байқауының жеңімпазы Рухия Байдүкенова елге оралды
Жарты әлемге әннен шашу шашқан отандасымызды қолдаушылары дәстүрге сай шашумен қарсы алды. Гүл ұсынып, ыстық лебіздерін білдірді. Біздің түсірілім тобымыз да ертерек барып, жиналған қауыммен сұхбаттасып үлгерген еді. Шыны керек, қолдаушылары Рухияның байқауға қатысып, жүлделі оралатынына сенбепті. Өздері де таң қалып жүр.
«Қуанышты бөліссең, көбейеді» демекші, бүгін бір топ жанкүйер Рухияны «құттықтаймыз» деп, ерте жиналыпты. Гүлдерін алып, отандасымыздың есімін қағаз бетіне түсіріп, ерекше қарсы алуға қамданып жүр енді. Бөтен ешкім жоқ. Бәрі «өзіміз» дегендер. Анасы, әпкесі, туысы мен дос-жаран және бірге оқитын курстастары. Біреуін сөзге тартып көріп едік, толқып тұр. Өз-өзіне келген соң: «Кезінде бізге Рухия армандарын айтушы еді, бірақ біз сенбеп ек», – деп бастады әңгімесін...
Айым Имашева, құрбысы:
- Сол кезде армандайтын, Димаш ағамыздың жанкүйері болды. Сол кісі сияқты болсам ғой, сол кісінің жолын басып, осы «Славян базарына» қатыссам ғой деген өзінің арманы болатын. Алла бақ берем десе, кез келген уақытта береді ғой. Бүгін құттықтауға барлығымыз жиналып, күтіп тұрмыз.
Рухияның «тарыдай болып кетіп, таудай болып келе жатқанын» достарының жүзінен аңғардық. «Қасымызда жүрген қарапайым қыз еді ғой, қалайша, не болса да жарады» деп, таңданыспен өзара күбірлесіп жүрді. Әрине, бұны қызғанғаннан емес, қызыққаннан айтқандары белгілі. Әре-мәре болып жүргенде Димаш пен Рухия бастаған құрметті қонақтарымыз да келіп қалды.
Рухия Байдүкенова, «Славян базары - 2021» байқауының жеңімпазы:
- Мен бірінші ұлттық іріктеуден өткен күннен бастап үш айдай күнде дайындалдым. Көптеген қиындықтар да, қуаныштар да болды. Расымен де сонысымен қызық. Мен тек қана жеңіс үшін ғана барған болатынмын. Себебі Қазақстанның атынан бара тұра, еліміздің атын қорғау былайша айтқанда арқаға ауыр жүк. Және де мен үшін бас жүлде алу маңызды болды.
Толқып тұр, Рухия. Біз де жағаға жармасқандай, жан-жақтан жабыса кеттік. Асықпай, шәй басында сыр сандықты ақтарып, сұхбаттасуға болатын еді, негізі. Бірақ алғашқы әсерін қағып алып, таспалау – біздің тірлік. Рухия да тартыншақтап тұрған жоқ. Енді ше, бұл марапат жас қыздың қоржынындағы алғашқы ірі жүлдесі емес пе?! Сондықтан ыстығы әлі басыла қоймаған. Керісінше осы деммен болашаққа жол бастайтын бірқатар жобаларға білек сыбана кірісуге дайын тұр.
Хош! Минстрлік өкілдері, өнердегі аға-әпкелері және ақпараттық қолдау көрсеткен «Хабар» арнасының директоры Рухияны арнайы құттықтады.
Динара Бисембина, «Хабар» телеарнасының директоры:
- Бүгінгі шынымен де Рухияның жеңісі барша қазақстандықтарға ортақ деп ойлаймын. Жаңа Рухия өзі де айтып кетті: «Бұл – қазақ елінің жеңісі». Сонымен қазақ елінің жеңісімен тағы да құттықтаймын. Енді «Хабар» Агенттігі осы таңда ақпараттық демеушісі болды. Біз, мысалы, ашылу-жабылу салтанатты рәсімдерін көрсеттік.
Осы «Славян базары» байқауы соңғы кездері «қазақтың базарына» айналды ма дерсіз?! Себебі айналдырған аз уақыттың ішінде бірнеше отандасымыз байрақты бәсекеде топ жарып келеді. Еуропаны әсерлі әуенімен әлдилеген Әмре, «Дайдидауымен» дүбірлеткен Димаш, енді міне, рухты әнімен рухтандырған Рухия. Ұл-қыздарымыз жарап-ақ тұр. Қолдан келгенше қоржындары бос қайтпайды. Ләйім солай болғай...