Сұлтан Оразалин 80 жасында өмірден озды
Ол Қазақстандағы көркем телевизияның негізін салушылардың бірі болатын. Сұлтан Шәріпұлы ұлы Абайдың жерінде туды, Мұхтар Әуезовті көрді. «Мұхаңмен алғашқы кездесу менің тағдырымды шешті. Жазушылықтан асқан қасиетті дүние жоқ» деп Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түстім», – депті бір сұхбатында ол. Қазақ телевизиясы енді ашылған тұста ол көк жәшікке келіп, оны төл туындыларға толтырды. Осылайша, ұлттық рухты оятты. Қазақ телевизиясының әдеби-драмалық бағдарламалар бас редакциясын тұңғыш рет ұйымдастырып, 15 жылдан астам басқарып, жүздеген әдеби телесценарийлер мен телепьесаларды көрерменге ұсынды. Олардың ішінде «Сұхбат», «Қымызхана», «Айтыс», «Шұғыла» секілді хабарлар циклы мен «Кек», «Отырар ойраны», «Өлім фабрикасы» телеқойылымдары бар еді және бұл жобаларды жұртшылық өте жылы қабылдады. Ол қазақ әдебиетінің қара нарлары – Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Есенберлин, Тахауи Ахтановтармен бетпе-бет отырып, тілдескен тұңғыш журналист еді. Сұлтан Оразалин ағамыз егемендік алған кезде алғаш құрылған Тіл комитетінің төрағасы болды. Осылайша, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге өлшеусіз үлес қосты.