Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжіне 50 жыл толды
Олардың арасында елімізді әлемге паш етіп жүрген әнші Димаш Құдайберген сынды сахна саңлақтары бар. Мерейтойын атап өткен білім ордасының шығармашылық кешіне бірқатар танымал тұлға қатысты.
Қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған білім ордасының мерейтойлық кешінде музыкалық колледж ұжымы аянып қалмады. Үздік деп танылған түрлі жанрдағы әндер шырқалды. Ұлттық өнерді күллі әлемге танытқан академик Ахмет Жұбановтың шығармалары да орындалды. Ал кештің құрметті қонағы болған оның қызы, биология ғылымдарының докторы Ажар Жұбанова әкесінің ән-күйге құштарлығы отбасындағы балалардан өзге талай ұрпаққа мұра болғанын атап өтті.
Ажар Жұбанова, биология ғылымдарының докторы, академик:
- Біздің үйде Құрманғазы оркестрінің репетициясы өтетін. Бес-алты домбырашыдан құралған топ түрлі туындыны орындайтын. Яғни біздің шаңырақта үнемі ән шырқалып, күй тартылатын. Әкем сол ұжымның негізін қалады.
Өткен 50 жыл тек жетістіктермен айшықталды. Осы уақыт аралығында түлеп ұшқан мамандардың қатарында өз өнерімен көпке танылған әнші-орындаушылар, білікті ұстаздар, ғылым докторлары бар. Біразы алыс-жақын шет елдерде өңбек етіп жатыр. Облыс пен қала көлеміндегі музыка мектептерін білікті кардларлар қамтамасыз етіп отыр. Ал Димаш Құдайберген және Светлана Касьян сынды түлектері әлі талай шыңды бағындырарына сенімді.
Аманжол Исмағұлов, А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің директоры:
- Бізде ән салу сыныбы бар еді. Биыл жыр сыныбын аштық. Сонымен қатар гобои деген аспапты да үйретеміз. Оның бәрін істеп жатқан себебіміз: қаламызда агломерациялық процестер жүріп жатыр. Болашақта үлкен опера және балет театры болады деген ойдамыз. Симфониялық оркестр болуы керек. Сондықтан қазірден дайындалуымыз қажет.
Бүгінде бұл оқу орнында 300-ден аса шәкірт білім алып жатыр. Олардың қатарында тек биылдың өзінде ондаған республикалық және халықаралық байқаудың лауреаты және Елбасы медалін алғандар бар.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айнадин Молдабеков