Ақтөбеде «Әдебиет. Рух. Қоғам» тақырыбында республикалық форум өтті
Шара аясында түрлі жанрда қалам тербеп жүрген жас қаламгерлер сайысы ұйымдастырылып, үздіктер анықталды. Төлеген Айбергенов, Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Тахауи Ахтанов пен Бәкір Тәжібаев, Қуандық Шаңғытбаев сияқты шығармалары қазақ әдебиетінің классикасына айналған ақтөбелік ақын-жазушылар атындағы стипендия табыс етілді.
Рухани тоқырауды тоқтатып, адамзаттың жан-дүниесіне қорек болар бірден-бір жол әдебиет десек, бүгінгі қаламгерлерді қолдау қоғамның міндетіне айналуы тиіс. Бұл ретте Ақтөбенің «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби форумының дәстүрлі өтуі де кейінгі ақын-жазушылар үшін маңызды. Мәселен, шара аясында өткен шығармашылық сайыста он номинация бойынша үздіктер анықталып, арнайы сый табысталды.
Оңдасын Оразалин, Ақтөбе облысының әкімі:
- Мұның барлығы ұлт мәдениетінің өсуіне, қазақ әдебиетінің қарыштап дамуына бағытталған жұмыстардың бір бөлшегі ғана. Өңір қаламгерлерін қолдап, қоғамдағы беделін арттырып, ұлттық сананың жаңғыртудағы рөлін нығайтуға бағытталған жұмыстарымыз.
Соңғы жылдары өңірде қазақ мәдениеті мен әдебиетін насихаттау және дәріптеуге бағытталған ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Тарихи әрі киелі нысандар зерттеліп, «Тасқопа» қорымынан табылған Алтын адамның киімдері қалпына келтірілді. Облыстық кітапханалар жергілікті ақындар мен жазушылардың үздік шығармаларымен толықты.
Ұлықбек Есдәулет, ҚР Жазушылар одағының төрағасы:
- Әдеби шарамыз қанатын кеңге жайып, бүкіл өнер саласына да әсерін тигізіп жатыр. Себебі биыл Табылды Досымов атындағы байқау, жыршылар байқауы өтіп жатыр. Мұның барлығы Ақтөбеде өнердің, мәдениеттің, әдебиеттің салтанат құруы деп есептейміз.
Сондай-ақ шаһарда Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші ашылып, Төлеген Айбергеновке бюст қойылды. Шараға композитордың апасы Райхан Домбаева мен Төлеген Айбергеновтің қызы Махаббат Айбергенова қатысты.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков