Ақтөбеде «Тұғырлы Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысы өтті
Оған әр өңірден 20 үміткер қатысып, әкімдік тіккен жүлделерді сарапқа салды. Олардың арасында текті өнерді дәріптеуімен қалың жұртқа танымал болған айтыскерлер де бар. Ал сайыс жеңімпазы енді Елордада өнер көрсетуі мүмкін.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған мерекелік айтысқа қатысушы ақындар еліміздің бірқатар облысынан келді. Сахна төрінде егемендік алған кезеңдерде жеткен жетістіктер, қоғамның қазіргі даму үрдісі, туған ел мен жерге деген құрмет тақырыбын жырлады. Елеулі оқиғаларды тізбектеп, сөз маржанын төккен үміткерлерге қалың көрермен де қошеметін аямады.
Рүстем Қайыртай, айтыскер ақын:
- Халықтың құлағына тәуелсіздіктің тұлғалығын, тәу етеріміз - Тәуелсіздік екенін құйып келе жатқан бір адам болса, ол ақындар қауымы. Жаңа толқындар келіп жатыр. Олардың да өз еңбектеріне, абыройына сай халыққа танылуына осы айтыс үлкен себепкер болады деп есептеймін.
Ақындар айтысы екі күнге созылды. Ал олардың өнерін кино және театр әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов төрелік еткен қазылар алқасы бағалады. Нәтижесінде, 10 қатысушы ғана ақтық сынға жолдама алып, бақ сынады. Ал бас жүлде ақтөбелік ақын Марат Ахметовке бұйырды. Дегенмен қатысушылардың барлығы да елеусіз қалмай, ақшалай сыйлыққа ие болды.
Жүрсін Ерман, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Айызымыз қанған айтыстар көп болды. Жақсы сайланып келген. Әсіресе менің таңғалдырған Ақтөбе облысының өз ақындары. Сегіз бірдей ақын қатысты. Жоғары деңгейде өнер көрсетті. Халықта риза болды.
Тәуелсіздікті жырлауға арналған айтыс өткізу бүгінде әр өңірде қолға алынған. Қортындысы елордада ұйымдастырылып, жылдың үздік ақыны анықталмақ. Ал Ақтөбеде айтысты дәріптеу әлдеқашан тұрақты жолға қойылып, әдебиет пен мәдениет қайраткерлерін де қолдау дәстүрге айналды.
Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев