Елбасына тиесілі жәдігерлер «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» көрмесінде қойылды
Елордада жұмысын бастаған көрме Қазақстан Тәуелсіздігінің мерейтойы мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында ашылды.
Күмбірлеген күй мен қобыздың сарыны, хош иісті алматылық апорттың иісі көрмеге келушілерді бірден баурап алды. Өнер мен мәдениет ошағы саналатын Алматыға тән қасиет бұл. Кезінде Елбасының өзі Алматыны Тәуелсіздіктің алтын бесігі, республикамыздың жаңа тарихы басталған жер деген еді. «1997 жылға дейін Алматы ел астанасы болды. Бірақ бұл мәртебені жоғалтса да, Елбасының қамқорлығын жоғалтқан жоқ, одан әрі өркендеді», - дейді көрмені ашқан қала әкімі.
Бақытжан Сағынтаев, Алматы қаласының әкімі:
- Осы 30 жылдың ішінде Алматы қаласы халқының саны 1 миллионнан аса өсті. Біз биыл 2 миллион деп жарияладық. Ал қазір өткен санақтың алғашқы қорытындыларына қарайтын болсақ, 2 миллион 200 мыңнан асты.
Мемлекет басшысы айтқандай, Алматы – ел экономикасының басты қозғаушы күші. Мұндағы көрмеде бұған дәлел ретінде мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер, сондай-ақ музей экспонаттары көрсетілді.
Күләйша Ақтаева, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музей құндылықтарын сақтау қызметінің басшысы:
- Тарихи санамыздың негізі болатын құндылықтарымыз бен жәдігерлерімізді көпшілікке көрсетуіміз керек.
Болашақта Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының музейінде Қазақстанның қалған өңірлерінің көрмелері ұйымдастырылады. «Қазақстан жолы» жобасы еліміздің барлық аймағының дамуын кең көлемде көрсетеді», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Дана Әлиева, Аян Сәрсенбаев