Инфрақұрылымдық жаңғырту отандық туризмге де оң әсерін тигізе бастады. Қазір туристік жобаларға қаржы құятын кәсіпкерлер көбейген. Нәтижесінде салаға салынған инвестиция соңғы 2 жылда 60 пайызға артып, 2 триллион теңгеден асқан. Жауаптылар Қазақстанның көрікті жерлеріне шетелдік инвесторлар да қызығып отырғанын айтады. Олар аймақтарда әлемдік деңгейдегі 25 ірі қонақүй салуға ниетті. Жалпы туризм саласының дамуы қалай? Қай өңірлер алда келеді?
Туризм саласында Қазақстанның әлеуеті зор. Кең-байтақ даламызда туристерді қызықтыратын көрікті орын өте көп. Әлі таныла қоймағандары қаншама. Оларды дамытуға да көңіл бөліне бастады. Туризмде ең алдымен, келушілерге ыңғайлы жағдай жасалуы тиіс.
Мәселен, Қонаев қаласында соңғы жылдары жағажайларды абаттандыруға мықтап кіріскен. Жұмыстың нәтижесі де жаман емес. Өткен үш айдың ішінде Қапшағайға шомылуға миллиондаған турист келген.
Мейіржан Жансерік, Қонаев қалалық спорт және туризм бөлімінің басшысы:
- Қонаев қаласында қазір жұмыс істеп жатқан 6 қалалық жағажай бар және 6-7 жағажай ол солтүстік жағалауда орналасқан. Ол жақта бізде инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары басталып кеткен болатын және 56 бизнес нысан жұмысын бастады. Жалпы Қонаев қаласында 140 демалыс орны бар. Санитарлық тазалық жұмыстары бізде 5 қалалық жағажайда күнде 20 адам қызмет атқарады.
Саланы дамытуға Үкімет тарапынан да қолдау бар. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекет курорттық аймақтарды жаңғыртуға, инвестицияларды ынталандыруға және көлік қолжетімділігін кеңейтуге күш салып келеді. Айталық, туризмді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында іс-шаралар жоспары бекітіліп, үйлестіру кеңесі құрылған.
Нұрбол Байжанов, ҚР ТСМ Туризм комитетінің төрағасы:
- Негізгі бағыттардың бірінде ол – инфрақұрылымды дамыту, курорттық аймақтарда жағажайларды абаттандыру, туристік маршруттар мен соқпақтарды абаттандыру сияқты шаралар қарастырылған. Одан бөлек, мемлекеттік қолдау шараларын одан әрі жетілдіру және осы туристік саладағы мамандарды даярлау сияқты шаралар көзделген.
Туризм және спорт министрлігі: «Елімізге келетін шетелдік туристердің де қатары көбейді», - деп отыр. Мәселен, 2023 жылы жерімізге сырттан келген 9 млн-нан астам саяхатшы табан тіресе, 2025 жылы 15,7 млн шет ел азаматы табиғатымыз бен кең даламызды тамашалаған. Оның 11 млн-нан астамы тек саяхаттау мақсатында арнайы ат басын бұрғандар. Олар 3 млрд долларға жуық ақша жұмсап, экономикамызды еселеуге үлес қосқан.
- Курорттық аймақтардың ішінде Алматы өңірі көшбасшы болып отыр. Ол жердегі туристер саны өткен жылы 3 млн-нан артық болған екен. Екінші орында Щучье-Бурабай курортты аймағындағы туристер ағынын айтып өтуге болады. Қабылданып жатқан шаралардың арқасында ол жақта Щучье-Бурабай курортты аймағындағы туристер ағыны 1 млн-нан асып түскен екен.
Одан кейінгі орындарға Маңғыстау курорттық аймағы мен көне Түркістан шаһары жайғасқан. «Соңғы жылдары Алтай өңіріндегі Қатон-Қарағайға да туристер көптеп баратын болды», - дейді жауаптылар. Қазір онда жаңа әуежай салынып жатыр. Осы жазда Балқаш аэропорты да біраз жылдық үзілістен соң өз жұмыстан қайта бастады. Биылғы жарты жылдың өзінде Қазақстан 7 млн шетелдік туристерді қабылдаған. Олардың басым бөлігі Өзбекстан, Қырғызстан және Ресей азаматтары.
Дамир Берікұлы