Беларусьта қазақстандық майдангерлердің құрметіне ескерткіш ашылды
Жасақ өкілдері соғыс жылдары кескілескен шайқастар өткен ауданында қазба жұмыстарын жүргізіп, батыр бабаларымыздың рухына тағзым етті. Ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің құрметіне тарихымызда алғаш рет ескерткіш орнатылды.
Дубровенцк ауданының Поднизовье ауылының түбінде Беларусь елін жаудан азат ету жолындағы кескілескен ұрыстар болған. Бұл далада талай қазақ жауынгерінің қаны төгілді.
Қазба жұмыстары 10 күн бойы жүргізілді. Осы уақыт аралығында 18 батырдың жатқан жері анықталды. Алғашқы күндері қару, оқ-дәрі қалдықтары, кейін бірнеше жауынгердің мадельоны табылды.
Халықаралық экпедицияға алғаш рет қатысқандардың арасында 16 жастағы Санжар Смағұлов та бар. Ол да әкесі сияқты іздестіруші, тарихшы болғысы келеді.
Санжар Смағұлов, жас іздестіруші:
- Әкем маған: «Балам, менімен жүр, бірге ұшасың, ел көресің», - деді. Мен шынымен әкеме алғысымды білдіргім келеді. Өйткені соғыс болған жерлерді, тарихты көрсетті.
500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанғаны тарихтан белгілі. Оның ішінде 80-нен астам батыр Беларусь елін жаудан азат еткен. Жаужүрек батырларымыз дәл осы кең далада жандарын Отан үшін пида етті.
Александр Каролевич, іздестіру взводының аға инструкторы /Беларусь/:
- Поднизовье ауылының маңайында тоғыз ай бойы фронт тұрды. Бұл жерде өтпелі жолдар болған. Олардың орнын табу қиынға соқты. Жауын тоқтамады. Қазба жұмыстарын сазды топырақ қиындатып жіберді. Десе де сегіз шұңқырға тап болып, жауынгерлеріміз жатқан жерлер табылды.
Александр Шитов, «Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі:
- Бұл жерде ата-бабаларымыздың ізі қалған. Алматы қаласында құрылған 88-ші атқыштар дивизиясы, Семей, Өскемен қалаларының азаматтары шақырылған 30-шы атқыштар дивизиясы жаумен қаймықпай соғысты. 101-ші қазақ атқыштар дивизиясының да сарбаздары болды. Біздің мақсат – батырларымыздың рухына тағзым ету.
Экспедиция аясында Рыленки мемориалды кешенінде қазақстандық майдангерлердің құрметіне ескерткіш ашылды. Бүгінге дейін павлодарлық іздестірушілер туған топырақтан жырақ қалған жауынгерлердің ерлігіне 20-дан астам белгі орнатқан.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Жеңіс Темірболат