Қарағандылық археологтар сақ дәуірінің сирек жәдігерлерін тапты
Орталық Қазақстанда баламасы жоқ ерекше қазан табылды. Ал тың жәдігердің ішінде сақталған дүниелер көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.
Салмағы 25 келі тартатын мыс қазан – орталық Қазақстан үшін ең үлкен тарихи олжа. Оның ішінде сақталған заттарды зерттеу білікті маманы, консервация және реставрация жөнінен жеке әдістеменің авторы Қырым Алтынбековке жүктелген.
Қырым Алтынбеков, ғылыми-реставрациялық зертхананың жетекшісі:
- Бұл жәдігер біздің дәуірімізге дейінгі III-IV ғасырға жатады. Жетісулыққа ұқсайды. Бірақ жәдігердің неге осы жерден табылғаны белгісіз. Археологтар мұны ғұрыптық қорған дейді. Оның бәрін зерттеу барысында анықтаймыз.
Ыдыстың ішінен ежелгі темір дәуіріне тиесілі қымбат бұйымдар табылған. Олар – қоламен безендірілген ат әбзелдерінің бөлшектері. Зергерлік бұйымдарды консервациялау және тазарту қажырлы еңбекті талап етеді.
Игорь Кукушкин, археолог:
- Ең қызық олжа жан-жануарлардың бейнесі болып отыр. Жылқының суреттерінен жүгендерді де көруге болады. Жыртқыш аңдардың суреттері де бар. Жолбарыстың ақсиған тістері салт аттыны қорғауда магиялық рөлге ие болған немесе оның қай тайпаға жататынын білдірген.
Елімізде осы тектес бірнеше қазан бар екен. Олар осы жерден алшақ жатқан Жетісу өңірінен табылыпты. Бұл жолғы жәдігердің ерекшелігі, арнайы жасақталған қорымнан шықты. Ол – Қарағандыдан оңтүстіккке қарай 120 шақырым қашықтықта орналасқан Талды тарихи-археологиялық саябағы. Бұл жерден әр дәуірге жататын көптеген археологиялық ескерткіш табылды.
Құнды жәдігер жан-жақты зерттеледі. Бұған бірнеше ай керек. Ал көне артефактының қай музейге қойылатынын республикалық комиссия шешеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Юлана Чаус, Заруна Зулпыхар