«Тоғысқан тағдырлар» телехикаясының әуеніне 25 жыл
Осы көпсериялы фильм туралы сөз қозғанда, «Перекресток» әні де бірден еске түседі. Саундтрек осыдан 25 жыл бұрын жазылған екен.
«Тоғысқан тағдырлар» телехикаясына әнді кім жазғанын көптің бәрі бірдей біле бермейді. Қазірдің өзінде оның авторын білетіндер аз. Жақында саундректі жазған Томас Томасовтың қызы Лера сериалда әнді орындаған «Овощи & Фрукты» тобы мен актерлардың басын қосты. Сөйтіп, әнді бірге орындады.
Томас Томасовтың айтуынша, осы ән жазылғанға дейін олардың тобы ұзақ уақыт бойы қандай да бір жетістікке жетуге тырысқанымен, нәтиже шығара алмаған. Бірде «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясын түсірушілерден ұсыныс түседі. Яғни олардың музыкалық композициясын кинода пайдаланып, ал олардың аты-жөндерін титрда көрсетуге уәде береді.
Томас Томасов, «Перекресток» әнінің авторы:
- Бір жылдан соң біз оларға қайта бардық. Сіздер біздің музыканы қолданып жатырсыздар. «Бізге бейнебаян түсіруге көмектесіңіздерші», - дедік. Білесіздер, ол кезде заман басқа еді ғой. Еліміздегі алғашқы телехикая болғандықтан, бәрі теледидардың алдын бермейтін.
Жоба продюсері Абай Қарпықов олардың өтінішін жерге тастамайды. «Бірақ тездетіп телехикаяға жаңа ән жазып беріңдер», - дейді. Алғашқы отандық «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясының саундтрегін «Овощи & Фрукты» музыкалық тобының жетекшісі Томас Томасов дүңгіршекте отырып жазған. Сөзінің де, әуенінің де авторы – өзі.
Томас Томасов, «Перекресток» әнінің авторы:
- Сол түн әлі есімде. Тып-тыныш болды. Дүңгіршекте қосымша жұмыс істейтінмін. Бір адам келіп ештеңе сатып алмады. Менің ойымда сауда жасап табыс табу емес, музыка болды. Сөйтіп, әнді бір түнде жазып шықтым.
Кейін бұл әнді үлкен-кіші демей түгелдей айтатын болды. Ал автордың өзі де, орындаушылар да туындыны дәл осылай танымал болып кетеді деп тіптен ойламаған.
Рафаэль Тохтабакиев, «Овощи & Фрукты» тобының солисі:
- Шынымды айтсам, бұл таңғажайып нәрсе. Біз ерекше ештеңе ойлап тапқан жоқпыз. Актерлар, сценарий – бәрі біздің жанымызға өте жақын болды. Сөйтіп, біздің өміріміз, қаламыз жайында ән туды.
Ирина Ажмухамедова, актриса:
- Ән махаббатқа тұнып тұрды. Біз одан өзімізді көрдік. Сөздері де дәл бізге арналғандай еді. Себебі барлығымыз Алматыны жанымыздай жақсы көрдік.
Ирина Лебсак, актриса:
- Иә, сол кезде бұл ән сериалдың гимніне айналып үлгерді. Үлкен-кіші демей бірігіп айтатын. Бәрі кешегідей көз алдымда.
«Хабар» Агенттігінің бастамасымен қолға алынған жобаның алғашқы сериясы 1996 жылы көрерменге жол тартқан. 5 жыл ішінде 465 бөлімі көрсетілді.
Нина Жмеренецкая, актриса:
- Мен жақында гастрольге ұшатын болып, әуежайда тіркеуде кезекте тұрғам. Алдымда тұрған бір адам ұялы телефонын алып, осы әнді қосты. Ол мені таныйтынын, сериалды ұмытпағанын осылай білдірді. Әрине, бұл маған қуаныш сыйлады.
Иә, әлі күнге дейін бұл жоба танымалдылығы мен ұзақтығы бойынша отандық телехикаялардың арасында көш басында тұр. Ал оған арнайы жазылған әнді де ұмытқан жоқ.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Әбен Нарымбаев, Эдуард Кон