Қазақ радиосында Әбдірәлі Бөлебай атындағы студия ашылды
Былтыр Мемлекет басшының Жарлығымен 1 қазан – Радио күні болып бекітілген. Мерекеге орай радио қызметкерлері «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сондай-ақ Қазақ радиосындағы студиялардың біріне Әбдірәлі Бөлебай есімі берілді.
Бұл қоңыр дауыс әр қазаққа таныс. Ол саналы ғұмырын теле-радиоға арнап, қалың көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Телевизияның қара нары атанып кеткен Әбдірәлі Бөлебай өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында қызмет атқарды. Журналистиканың дамуына зор үлес қосқан майталман маман, белгілі диктор былтыр 70-ке қараған шағында дүниеден озды.
Қошан Мұстафаұлы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері:
- Сабыр Адайдың бір сөзі бар: «Әр қазақ менің жалғызым» деген. Сол «Әр қазақ менің жалғызым» деп жүретін Әбекең еді. Әбекең туралы, шығармашылығы туралы көп айтуға болады. Ол кісі қазақтың тұңғыш режиссері Асқар Тоқпановтың сүйікті шәкірті екенін білесіздер. Қанша жыл қызмет еткені белгілі. Мынау үлкен шара. Бұл кейінгі ұрпаққа, бәріне қалатын естелік. Құтты болсын!