«Хабар» арнасы көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды
2022 жылдың ең үздік әндері шырқалады. Тың форматтағы сахналық мега-шоу мен мерекелік мюзикл көрерменге жол тартады. Жаңа жыл кешінен кейін, көпшілік асыға күткен Дарын, Асыл домбыра, 7 қазынаның шешуші кезеңдері ескі жылды қорытындылайды.
Мерекелік кешке асыққан өнер жұлдыздары кездейсоқ жағдайларға тап болады. Интригаға толы кездесулер орын алмақ. Жаңа таныстық тағдырларды тоғыстырады.
Нұрдәулет Шертім, актер:
- Ол жерде менің рөлім Bell boy деп аталады. Бір қонақ үй болады. Сол қонақ үйге келген адамдардың сөмкелерін тасып, лифтіде неше түрлі оқиғалар болады. Ол жерде басқа адам ойнау керек Bell boy-ды. Бірақ ол кісі өзінің ғашығына бару үшін дос ретінде оның орнына мені тастап кетті.
Бұл мерекелік шара бұрынғыдан өзгерек. Сахнада тұрып тек ән шырқап жүргендер, енді түрлі бояудағы әзілдермен жаңа жылды көңілді етеді. Бұл кеште Дариға Бадықова, Роза Рымбаева, Әміре, Садраддин өнер көрсетеді. Ал арнамыздағы кешкі жаңалықтың тізгіншісі Мөлдір Доспаева көңілді ақшақар болмақ.
Мөлдір Доспаева, тележүргізуші:
- Ақшақардың рөлін сомдағым келген жоқ. Жай ғана ақшақар болғым келді. Сонымен оңай болды деп есептеймін. Қасымызда үлкен кәсіби мамандар, кәсіби әртістер жұмыс істеді.
Жаңа жыл алыста жүрген бауырлардың басын бір дастарханда қосатын мерекеге айналды. Кешкі сағат 8-де болатын «Жұп-жұбымен» бағдарламасы бұл мерекеге тұздық болары анық. Қызықты додада жұлдызды отбасылар сайысқа түседі. Отбасы мүшелерімен бірге тамашалауға шақырамыз!
Мөлдір Мұқан, тележүргізуші:
- Финалға шыққан жұптар ғана, жаңа жыл түсірілімінде ат салыса алды. Ең қызығы бұл жерде сен тұр, мен атайын деген отбасылар болды. Барлығы бір-бірнен асып түсіп жатты.
Көзі қырақты көрерменге осындай жаңа жылдық тартуымыз бар. Әрі қарай арнамыздан Дарын, Асыл домбыра, Жеті қазынаның шешуші кезеңін көре аласыздар. Мереке күні Хабар арнасы қосулы болсын. Жаңа қоян жылы құтты болсын!
Авторлары: Диана Қадыр, Дарған Кунтуов