«Вайн емес кино» фильмі көрермендерге жол тартты
«Вайн емес кино». Актриса Жұлдызай Дүйсенбиева түсірген жаңа туынды осылай аталады. Оның айтуынша, бұл фильм өзге киноларға ұқсамайды. Ерекшелігі сол, ол жерде елімізге танымал тұлғалар өздерін ойнайды. Оқиға желісі өмірден алынған. Туындының тұсаукесері Алматыдағы Mall Aport ойын-сауық сауда орталығының Kinoplexx 7 кинотеатрында өтті.
Кино түсіру оңай дүние емес. Бәрі ақшаға келіп тіреледі. Алдымен инвестор іздейсің. Ол болмаса, туған-туыс пен дос-жаранды жағалап теңге сұрайсың. Актриса Жұлдызай Дүйсенбиева өзінің кинодағы алғашқы тырнақалды туындысына осыны оқиға желісі етіп алған. «Вайн емес кино» көркем фильмі кино түсіргісі келген екеу жайында. Олар қаражат табамыз деп, түрлі шытырман оқиғаларға тап болады.
Жұлдызай Дүйсенбиева, актриса, жоба авторы:
-Басқа кинолардан ерекшелік бар негізі. Кейбір әріптестеріміз қабылдамай жатыр. Мен өзім кинода өзіндік бірдеңе жасағым келді. Бар сынға дайын болдым. Бұл жерде ешқандай оқиға ойдан құрастырылмаған, кітаптан оқылған дүние емес. 80% өзімнің басымнан өткен оқиға.
Фильмнің режиссері Мақсат Оспанов. Туындыда елімізге белгілі кино және театр актерлары бой көрсетеді. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, Гүлшат Тұтова, әнші Нұрлан Еспанов, тілшілік пен дизайнерлікті қатар алып жүрген Динара Сәтжан сияқты танымал азаматтар бар. Басты рольдің бірін Мұхаметәлі Әбдікерім ойнайды.
Мұхаметәлі Әбдікерім, актер:
-Екі кісіні өздерінің араласып жүрген досы ренжітеді. Сендер біздің киноға түсе алмайсыңдар. Өйткені «серьезный кино» дейді. Ал сендер «несерьезный» адамсыңдар дейді. Сөйтіп ренжіп шыққаннан кейін біз бұған көрсетеміз. Өзіміз кино түсіреміз дейді.
Сөйтіп, Жұлдызай мен Әли ақшасы бар деген бүкіл таныстарын аралап шығады. Бірақ ешқайсысы бермейді. Кино адамға күлкі ғана сыйлап қоймайды, көрермендерге ой салатын дүниелерді де қаузайды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Валентин Лобанов