Қызылордада алғаш рет симфониялық оркестр құрылды
Қызылордалық өнерпаздар көтеріліп кетті. Бұл митинг те, бейбіт шеру де емес екен. Сыр өңірінде алғаш рет симфониялық оркестр құрылыпты. Ішекті, үрмелі және соқпалы музыкалық аспаптарда ойнайтын 50 адамнан құралған топ, енді академиялық және эстрадалық әншілерді халықаралық сахналарда сүйемелдей аламыз деп өздеріне сенімді. Әлемдік классикалық шығармаларды еркін орындауға мүмкіндік алған жергілікті өнерпаздар енді шетелдік байқауларға именбей қатысады. Қазіргі таңда оркестр құрамын толықтыру мақсатында ірі қалалардағы консерваториялардың бітіруші түлектеріне шақырту жіберіліп жатыр. Өнер саласындағы мұндай өзгерісті көрген облыстық әкімдік те тыс қалмаймыз деп, труппаны жасақтауға және валторна, литавра, фагот секілді таптыра бермейтін аспаптарды алуға бюджеттен 116 млн теңге бөліп беріпті. Мәдени ұжым алғашқы концертін алдағы шілде айына береміз деп жоспарлап отыр. Өңір руханиятына қызмет етіп жүрген халық аспабтық, камералық және симфониялық оркестрлерге лайықталып мың орындық өнер орталығы да салынып жатқанын айта кетейін.
Талғат Мақашов, облыстық филармония директоры:
- 50 жылдық тарихымыздағы болып жатқан ауыз толтырып айтатын үлкен жаңалық. Себебі мұндай симфониялық оркестр барлық облыста дерлік бар деп айта алмаймын. Санаулы ғана өңірде бар. Тағы да айта кететін жағдай «Тұрмағамбет» оркестріне, «Ақмешіт» фольклорлы ансамбліне, «Томирис» би ансамбліне ұлттық сахналық киімдер тігілуге бюджеттен қаржы қаралды. Сонымен қатар 10 жыл көлемінде аспаптар жаңартпағанбыз. Музыкалық аспаптар алуға қаржы қаралды.