Өзбекстанда Қазақстанның мәдени күндері басталды
Еліміздің белгілі өнерпаздары Ташкентте сапармен жүр.
Қазақ мәдениеті дегенде ойға ең әуелі ұлттық ән-жырымыз мен күмбірлеген күйіміз оралады. Осы ерекшелікті төрткүл дүниеге әйгілеп, кең насихаттап жүрген Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұжымы бауырлас елге өнер керуенімен барды. Ұлттық өнеріміздің өзегі саналатын әйгілі «Гүлдер» ансамблі мен танымал «Тұран» этно-фольклорлық тобы да бар. Өнер керуені мұнымен тоқтамайды. Алда әлі ежелгі Жібек жолы бойындағы көне қалалар - Самарқанд пен Бұқара бар.
Айта кетейік, бұл жолы Ташкентке қазақ киногерлері де табан тіреді. Ел нарығында жоғары бағаланған көркем туындыларын таныстырып, өзбекстандық көрерменге ұсынып жатыр.
Ақтоты Райымқұлова, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұйымының директоры:
- Жылда болатын мәдени күндер біздің екі бауырлас халықтың арасындағы қатынасты жалғастырып, өнер арқылы бүгінгі күнімізді жалғастырамыз деген үміттеміз.
Бахтиёр Мұрадов, Өзбекстан Мәдениет министрлігінің халықаралық әріптестік басқармасының басшысы:
- Қазақстанмен бірлескен жоспарымыз көп. Бірлескен концерттік қойылымдар әзірлейміз. Елдегі қазақ мәдени орталығы – біздің мәдениетіміздің ажырамас бөлігі.