Ертең – Ұлттық домбыра күні
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра». Қадыр Мырза-Әлі ағам неге осылай жазғанын айтқан.
Қыс – қыстау, жаз – жайлауда шаруасын жинақтаған бабаларымыз дастархан басына жиналып, домбыра үнімен жыр-дастандарына құлақ түретін. Сонысымен қазақтығын сақтап қалған. Қазір ше? «Қазақтың тойы бітпесін» деп зарлайтын тамада-асабалар қасиетті домбыраны той-думаннан ысырып тастады. Тек беташарда ғана көреміз. Сондан да ел арасында қазіргі той берекесіз, тек ысырап деген сөздер жиі айтылады. Той қазақтікі болса, оған ұлттық киеміз – домбыраны қайтарайық.
Мынау Жамбыл домбыра дейді, сондай пішіндестірілген домбыра. Қайыңнан ойылған. Бұл – оралдық шебер Сансызбай Ахметовтың қолынан шыққан домбыралар. Әрқайсысының пішіні мен дыбысында ерекшелік бар. Ағаш ұстасы бір кездері театрда белгілі күйші Едіге Нәбиевпен әріптес болған екен. Сол жылдары өнер адамынан қазақтың төл аспабын жасау техникасын жетік меңгеріп алыпты. Қазір өз шеберханасын жасақтап, оны тұрақты кәсіпке айналдырған. Мұнда көне үлгідегі домбыралардың сан түрін көруге болады.
Сансызбай Ахметов, шебер:
- Мынау да сол сал-серілердің домбырасы. Тұпнұсқасы емес, шамамен өзім жасағаным. Мынау бір ерекшелігі кішкентай, сосын дыбысы, міне (тартып көрсетеді). Бұл жиналмалы домбыра дейді. Қазір көрсетейін. Бұрында аталарымыз шебер болған ғой мықты. Мына жері алынады. Осылай бүктеп, киізқапқа салып, ат үстінде шауып, домбыра тартар кезде домбырасын осылай алып, мына жерде екі шегесі бар, ағаш шегемен қыстырып қояды.
Шеберге әйелі Дина қолғабыс қылып жүр. Алғашында ағаш бөлшектерді желімдеуге ғана көмектессе, қазір шанақтарды иіп, тіпті домбыраның негізгі қаңқасын құрастыруды да үйреніп алған екен.
Дина Құспанова, шебердің жұбайы:
- Пешім бар, пешке ием. Пешпен істеуді үйретті. Одан кейін осылай иіп, кесіп-кесіп формаларын келтіремін. Маған қиын емес. Мен кішкентайымнан домбыра, музыка тыңдап өскенмін. Әкем де ән айтып, күй тартады. Кәсіби білімім бар. Педколледж музыка саласын бітірдім. Мұғалім болып біраз жұмыс істедім, музыкадан сабақ бердім.
Шеберханада айына он шақты домбыра жасалады. «Өйткені ең әуелі санға емес, сапаға мән береміз» дейді шеберлер. Аспапты қайың, емен, қарағайдан жасайды. Материалдарды өзге өңірлерден және көрші елден алады екен. Ұлттық домбыра күніне орай ерлі-зайыпты шебер жергілікті музейге ерекше сый дайындапты.
Дина Құспанова, шебердің жұбайы:
- Бұл – Махамбет Өтемісұлының домбырасы. 12 пернеден тұрады. Қазіргілер 7 шанақ, кішкене күмбез болып келсе, бұлар 5 шанақ болғасын кішкентайлау. Басқа домбыраларға қарағанда жеңіл. Кішкентай, жеп-жеңіл. Едіге ағайдың айтуымен түпнұсқасына қарап жасағанбыз. Мұны музейге тапсыратын болып, істеп жатырмыз. Даусы күмбірлеп шығып тұр.
Күйші Едіге Нәбиев те ұзақ жыл бойы домбыра жасады. Қазір жолын өзінің шәкірті жалғастырып жатқанын мақтан етеді.
Едіге Нәбиев, күйші:
Домбыраның ағаш кесуінен бастап, арғы жағындағы бүкіл бәрін үйренді, енді жолдасы да үйреніп алды. Домбыра жасау несі жақсы деп айта аламын. Неге десеңіз, ұқыпты, жұмыскер, табанды. Отырып, шаршамай жұмыс істейді. Ерғалидың домбырасын, сосын Махамбеттің домбырасын жасап жатыр. Жақсы. Мен жақында барып қарап, тартып кеттім.
Кетбұға, Тәттімбет, Құрманғазы, Ықылас. Мына орындықтарға жақындай кетсеңіз тура мағынасында күйдің күмбірі бойыңды керней жөнеледі. Қарағанды қаласында ашылған «Күй аллеясы» бұл күй өнерін дәріптеудің бір әдісі. Орындықта арнайы сенсор бар. QR-код арқылы күйшілердің өмірбаяны мен шығармашылығы жайында толық ақпарат алуға болады. Жоба авторлары – университет студенттері.
Нұрлан Дулатбеков, Қарағанды университетінің ректоры:
- Күйлеріне байланысты. Біреудің үш күйі бар, біреудікі 5 күй. Мысалы, Сембекте, тағы басқаларда бір-бір күйден ғана қалған. Яғни, олардың барлығын әрі қарай дамыта береміз. Ана жерде олардың өмірі ағылшын, қазақ тілдерінде жазылған. Әрбір бала келеді де оны қарайды. Меніңше қыстың күні болмайды. Бірақ осы 9 айда осында күй тыңдап отыратын болса балалар жаман болмайды.
Қазақстанда қос ішекті шерте тартатын қанша таланттың бары, не оны үйрететін қанша үйірменің бары туралы нақты ақпарат жоқ. Бір анығы, олар бар және аз емес. Әсіресе, теріскейде «домбыра тартамын» деген жеткіншектер көп көрінеді. Оқушылар сарайында үш бірдей домбыра сыныбы ашылған. Үш жыл бұрын жұмысын бастаған үйірмеге бүгінде 150 бала барады. Солардың бірі – Артем Ганиев.
Артём Ганиев, жас домбырашы:
- Мен «Еркем-ай» күйін білемін. Қазір «Балбырауын» мен «Жастар биін» үйреніп жатырмын. Маған домбыра аспабы өте ұнайды. Оның сазды үнін жақсы көремін. Қазақтың ұлттық аспабын үйренуіме анам қолдау көрсетеді. Мен үйренген күйлерімді ұмытып қалмас үшін күнде кешке қайталаймын.
«Екі ішектің бірін қатты,
Бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес,
Нағыз қазақ – домбыра». Домбыра аспабының қаншалықты қадірлі екенін Қадыр Мырза-Әлі екі-ақ ауыз сөзбен осылай түйіндейді. Осылайша қазақстандықтар ұлттық аспап – домбыра күнін биыл алтыншы рет атап өтпекші.
Аймақтағы тілшілердің көмегімен Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, «Хабар», «7 күн».