Сенат спикері: Айтматов – қазақ-қырғызға ортақ тұлға
Биыл Ақ кемелер елінде ерекше той. Адамзаттың Айтматовына Қырғыз елі құрмет көрсетіп жатыр. Бішкекте қаламгердің туғанына 95 жыл толуына орай халықаралық конференция өтті.
Классиктің қазақ әдебиеті мен руханиятында да орны бөлек. Бауырлас елде өткен ауқымды шараға арнайы барған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ұлы жазушының шығармашылығын екі халықтың «алтын көпірі» деп атады.
Сенат спикері қос халықтың достығы мен бауырластығын нығайтуда тарихи, рухани, мәдени-әдеби байланыстардың орны бөлек екенін атап өтті. Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың ағалық-інілік бауырластығы, қос ел зиялыларының талай буыны үшін озық үлгі екені анық. Оның шығармалары 176 тілге аударылып, әлемнің 128 елінде 100 млн данамен басып шығарылған. Қазақ елі Шыңғыс Айтматовтың еңбектерін жоғары бағалап, оған «Қазақстанның халық жазушысы» деген құрметті атақ бергені белгілі.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Шын мәнінде адамзаттың Айтматовы атанған қаламгер – қазаққа да ортақ тұлға. Жазушының есімі қазақ елінде де айрықша құрметпен аталады. Біз Айтматовтың тұлғасы мен шығармашылығын қазақ-қырғыз байланысының рухани көпірі деп қабылдаймыз. Сондықтан көрнекті тұлғаның мерейтойына арналған конференцияға қатысу, қаламгердің есімін ұлықтап, мұрасын дәріптеу – біз үшін үлкен абырой.