Мұқағали – қазақ поэзиясының Хан Тәңірі
Бүгін — қазақ поэзиясының Хан Тәңіріне баланған мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Өнерсүйер, өлеңсүйер қауым бұл күні қасиетті Қарасаздың баурайынан түлеп ұшқан жыр сүлейінің ескерткішіне барып, өлеңдерін оқиды. Сондықтан 9 ақпан ел ішінде поэзия мерекесіне айналды деуге де болады.
Заманында «Мен жырламаймын, сырласамын, Сыры бар замандаспен мұңдасамын. Асыққан уақытпен адымымды, Абайлап анда-санда бір басамын»,— деп жырлаған қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күнін талдықорғандықтар да айрықша атап өтеді. Олар бұл күні «Жастар» саябағына келіп, өлең оқып, ақын рухына тағзым етеді.
Саябақтағы Мұқағали ескерткішіне бәрінен бұрын жеткен жан қаршадай ғана қыз болды. «Бұл өзі кім болды екен?» деген қызығушылықпен аты-жөнін сұрадық. «Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің орыс филологиясы факультетінде 1-курста оқимын. Өзім қасиетті Қарасаздың тумасымын. Есімім Бірғаным, атамның аты – Сағындық», – деп жауап берді ол. Біз өлең сұрадық. Бірғаным тосылмады.
Бірғаным Сағындық, студент:
-Көктемде үйрек ұшып, қаз қонып,
Қараушы едім тырналарға мәз болып.
Жыр қыстап туылмас ем, сірә, мен,
Жаралмасаң өзің Қарасаз болып.
Бірғанымның соңынан саябаққа бір топ студент келді. Олар да ақын өлеңдерін жатқа білетін жастар екен. Ұрпағы өзін ескерткішіне іздеп келіп, өлеңдерін бүгінгідей жатқа оқып жатқан Мұқағали, сөз жоқ, өте бақытты ақын. Ұлы Абай қазақтың мінезін айтса, Хан Тәңірінің мұзбалағы өз халқының бойындағы асыл қасиеттерінің барлығын жырлап өтті. Жастардың ақын поэзиясын жата-жастана оқып, жаттап өсетіні де сондықтан. Өйткені қара өлеңнің қасиеті Мұқағали шығармаларында мөлдіреген таңғы шықтай болып тұнып тұр.
Сайлаухан Қожағұлов, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты:
-Жалпы әлемде, әдебиетте, поэзияда бұрыннан бар дүние, мысалы, Пушкиннің туған күнінде ешкім ешкімді шақырмайды. Бәрі осы ақындар барып, қаншама халық барып, өздері өлеңін оқиды. Сондықтан осындай бір дәстүрді ары қарай жалғастырайық деген біздікі ниет. Мұқағалидың поэзиясы - мәңгілік.
Белгілі журналист Батық Мәжитұлының «Мұқағали» журналын 15 жыл бойы шығарып келгенін білеміз. Жасы 70-тен асқан шағында Батық ағамыз: «Журнал тізгінін енді өзің ұста», – деп редакторлықты Кәдірбек Құныпияұлына сеніп тапсырған еді.
Кәдірбек Құныпияұлы, «Мұқағали» журналының редакторы:
-Мұқағали журналын қазір жаңа редакция жасақтап, жаңа құрамда шығаруға кірісіп кеттік. Журналдың алдында талай-талай мақсат, жоба, жоспар тұр. Құдай бұйырса, оны оқырмандармен бірге жүзеге асырамыз деп ойлаймын.
Мұқағалитанушы Дүйсен Аңсабаев 2005 жылы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінен «Мұқағалитану» курсын ашты. «Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын, бəлкім, одан əрідегі ұрпақтардың туысымын» деп жазған Аспандаудың алдаспаны Мұқағали ақыннан қалған бай мұра ХХІ ғасырда да ескірген жоқ. Қайта ғұмырын жаңа бастағандай.
Дүйсен Аңсабаев, Мұқағалитанушы:
- Мұқағали әлемі ол өте бір қайталанбайтын керемет дүние ғой. Бүкіл қазақ даласы Мұқағалидың сөзіне, өлеңіне ән жазбаған сазгерлер жоқ қой, бәрі жазды.
Ән демекші, бүгін Талдықорған төрінде Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндер байқауы ұйымдастырылды. Қазір Дәнеш Рақышев атындағы облыстық филармония ғимаратында гала-концерт өтіп жатыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизуллина