27 наурыз – Халықаралық театр күні
Бүкіл әлем Театр күнін атап өтіп жатыр. Бүгінде елімізде 67 театр жемісті еңбек етіп келсе, оның 22-сі Тәуелсіздік жылдарында ашылған. Осы уақыт ішінде 10 жаңа ғимарат салынды. Бұл күн – бекзат өнер иелері мен киелі сахнаның құдыретін түсінетін әрбір жан үшін ерекше күн. Атаулы күнде театрдағы ұрпақ жалғастығы жайлы айтпауға болмас.
Мәселен, Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында актер Болат Әбділманов пен оның ұлы Иманғали Мәзімбай қатар еңбек етіп келеді.
Сахнадағы шығармашылық жолын Жастар театрынан бастаған Болат Әбділманов, кейін ұлы режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтың шақыруымен академиялық театрға ауысады. Болат ағаның әкесі - Қазақстанның Еңбек сіңген әртісі Оразғали Әбділманов, ал анасы Қазақстанның халық әртісі Алтын Ружева екенін біреу білсе, біреу білмейді. «Жамбыл, Талдықорған театрларында еңбек етіп, үздік образдарымен көрермен жадында қалған ата-анам өнерлі әулеттің бастауы», - дейді актер.
Болат Әбділманов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Үш рет халықаралық фестивальде ең үздік актер деген жеңімпаз болған. Король Лир, Қарабай, Күлтегін рөлімен. Ресейдің Деев деген сыншысы «Қазақстанның халық артисі Алтын Ружева Кеңес дәуірінде, қазақ сахнасында «Островскийді» тұңғыш ашқан актриса», деп баға берген.
Театр сахнасындағы ұрпақ жалғастығы үзілген жоқ. Бүгінде актер Болат Әбділмановтың ұлы Иманғали Мәзімбай Ғабит Мүсіреповтың әйгілі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» дастанындағы Қодардың рөліне дайындық үстінде. Айтпақшы бұл Иманғалидың театр сахнасындағы алғашқы образы. Жас актердің бойында «Әкенің қанымен, ананың сүтімен» берілген дарын бола тұра, өнер жолына түсуін ата-анасы бірден қолдай қоймапты.
Иманғали Мәзімбай, актёр:
- Басында бірден қабылдаған жоқ. Басында медик боласың деген әңгімелер кеткен, өнерді қайтесің деген әңгімелер де болған. Бірақ түптің түбінде осы өнерге тартып, өнерге бүйрегіміз бұрып, академия қабырғасынан шықтық. Академияны бітіргеннен кейін 4 жыл сабақ бердім актерлік шеберліктен. Бірақ сахна тартып кетті бәрібір.
«Жетектеген тазы түлкі алмайды», - дейді Болат Әбділманов. «Кәсіби актер болу үшін актердің баласы болу емес, театрды, сахнаны, өнерді сүю керек», - дейді сыншыл әке. Иманғалиды қолынан ұстап, театр сахнасына әкелмесе де, ізін басқан ұлына сын көзбен қарайтынын жасырмайды.
Болат Әбділманов, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Қодарды ойнап жүргенін көрдім. Қодарды ол жаңағы жағымсыз кейіпкер жағын қатты ашыпты, ашып ойнайды. Мен жоқ, сен жағымсыз кейіпкерді ойнау үшін жағымды жағын ізде деп айттым. Ол да өзінің махаббаты үшін күресіп жүрген адам. Ол да шын сүйеді Баянды. Сондықтан сен оның жағымды жағын ізде. Сондай сөздерді ғана айтамын.
«Қанша қиналсам да өнерден бас тартқан емеспін», - дейді бүгінде кәсіби актер. Өнер жолындағы жанкештілігінің арқасында театрдағы талай образдар Болат Әбділмановтың тұлғасымен ашылды. Бұл сахнаға деген сүйіспеншіліктің дәлелі болса керек.
Саят Мерекеұлы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:
- Бөкеңді мысалы, енді жалпы қазақ халқы Абай деп таниды. 2002 жылы ұлы режиссер Әзекең келіп, ұлы Мұқаңның жазған Абай трагедиясын сахналады. Сонда Болат Абай бейнесін сомдады. Ол енді ерекше театр сыншыларынан да өзіміздің аналарымыздан, КСРО Халық әртісі Шолпан Жандарбекова апайдың, сол сияқты үлкен кісілерден оң бағасын алған дүние.
Руханияттың ордасы болған театр мен оның ұжымы талай ұрпақты тәрбиеледі. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан да өнерге ерекше қолдау көрсетіліп келеді.
Еліміздегі 57 мемлекеттік театр өткен жылы 12 мың қойылымды сахналап, оны 2,5 млн-нан астам көрермен тамашалаған. Бұл – театр саласындағы 20 мыңнан астам адамның еңбегі.
Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев