Хабар телеарнасы

Ерназар Жұбан «Славян базары» фестивалінде бірінші орынды иеленді

Қазақстандық Ерназар Жұбан «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде бірінші орынды иеленді. Отандасымыз Витебск қаласында «Подберу музыку» туындысын орындап, көрерменнің ықыласына бөленді. Ресей, Молдова, Мексика, Дания мен Болгариядан жиналған танымал әншілер мен продюсерлер Ерназардың өнеріне тәнті болды. Халықаралық өнер сайысында қазылар алқасына биыл тұңғыш рет әнші, Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаева жетекшілік етті. Бүгін жас әнші елге оралды.

Ерназар Жұбан, «Славян базары» байқауының жеңімпазы:
-Әсерім өте жақсы. Мен 6 жыл осыны армандадым. 6 жыл отборға қатыстым. Сөйтіп арманыма жетіп, биыл славян базарына қатысып сондай жауапкершілік сезіндім өзім. Барымды салып айтып шығуға тырыстым. 

Роза Рымбаева, ҚР халық әртісі:  
-Биыл сіз төраға болсаңыз деп ұсыныс жасады және Қазақстаннан осындай өте талантты әнші қатысқандықтан әрине мен жұмысымды өте тырысып жақсы істедім деп ойлаймын. Өте ерекше баға алды біздің баламыз.

70 ұпайдың 69-ын жинаған жас дарынға 15 мың доллар ақшалай сыйлық және «Лира» арнайы жүлдесі табыс етілді. 27 жастағы Ерназар бұған дейін де Украина мен Румынияда өткен халықаралық байқауларда жеңіске жеткен еді.