Хабар телеарнасы

Ырым-тыйым керек пе?

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы ырым-тыйымға қатысты өз пәтуасын шығарды. Мамандар: «Исламда жаман ырымдарға тыйым салынады»,– дейді. Жалпы ырым тыйым – ата-бабадан қалған тәрбие мен сенімнің көрінісі. Алайда бүгінгі күні бұл ұғымға қатысты көзқарас екіге бөлінген. Кейбіреулер ырым-тыйымның заманауи қоғам үшін пайдасынан гөрі зияны көп деп санайды. «Ал енді біреулер оны ұлттық болмыстың ажырамас бөлігі»,– дейді. Біз мәселеге тереңірек үңіліп көрдік. 

Бетті баспа, тізені құшақтама, жуған қолды сілкіме – жаман болады. Мінекей біз осындай тәрбиемен өстік. Ал қазір бұл қаншалықты өзекті? Ырым-тыйымнан келер пайда бар ма? Әлде бұл наным-сенімдер бізді шектеп, жаман ой ұялата ма? 

Әуелде қазақ халқы ырым-тыйымдарды тәрбие құралы ретінде көрген. Қарапайым керілмеу, таңдай қақпау, кісіге қарап, саусақты шошайтпау – әдептілік талаптары.

Қарлығаш Бекпатша, қоғам белсендісі:

-Бұл біздерге ғасырлар сүзгісінен жеткен ата-бабанның аманаты ғой ырым-тыйым деген. Жақсыға ұмтылып, жаманнан тыйылып өскен ұрпақпыз. Біз де әжеміз. «Әже болғаннан кейін немерелерге олай етпе, жаман болады» дегенді қазір құлағына құя берсек, ертең өскен кезде түпсанасында тұрады. Күндердің күнінде ол бәрібір өзінің міндетін орындайды.

Ырымдардың озығы да, тозығы да бар. Сонда да «қара мысық жолды кессе, жол болмайды, сынық айнаға қараған адам бақытсыздықтан арылмайды» дегенге сенетіндер бірталай. «Бірақ мұндай нанымдарға сену - адам үшін қауіпті»,– дейді психолог.

Лимана Қойшиева, психолог:

-Емтиханға барарда алдымнан қара мысық кесіп өтпесе екен деп қорқатын. Ал енді қараңыздар, әр елдің дәстүрі де, ырым-тыйымдары да әртүрлі. Басқа елдерде егер қара мысық алдынан кесіп өтетін болса, «Құдайдың маған мейірімі түсті, бүгін менің жолым болады» деп қуанады екен. Демек, біз оны қалай қабылдаймыз, біз оған қалай сенеміз бәрі осыған байланысты. 

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы болса, кейбір ырымдарға мән бермеуге шақырады. Тіпті бұл ұғымды екіге бөледі.

Бақытжан Өткелбаев, «Әл-Фаттах» мешітінің наиб имамы:

-«Табалдырықты баспа, табалдырықта тұрма дейді, жолды бөгеме» дейді. Мұндай ырымдар, сенімдер жақсы ырым болып есептеледі. Ислам мұндайды, әрине, қолдайды. Ал енді жаман ырым деген ол біздің ойымыз ғой. Сол үшін ғалымдар айтқан Алла тағала адамға жақсылық қалайды, жамандық қаламайды, сол үшін әр нәрсені жақсы ойлауымыз керек. Жаман ырымдарға сенбеу керек.

Әрине, неге сену, сенбеу керегі - әркімнің өз ырығында. Бірақ жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтылу – бәрімізге ортақ мұрат. Сондықта, мамандар ырымдардан тек өзіміз үшін пайдалы дүниені ғана алу керектігіне сенімді.

Авторлары: Дана Әлиева, Азамат Саметов, Мейрамбек Қайыркелді