Оқ тиіп, ауруханаға түскен Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов операциядан соң есін жиды. Ота 4 сағатқа созылған. Дәрігерлердің айтуынша, оның өміріне қазір ешқандай қауіп жоқ.
Еске сала кетсек, 21 сәуір күні кешкі 20:30 шамасында әкімдік ғимаратының алдында оған шолақ мылтықпен бірнеше рет оқ атылған. Осыған қатысты әлеуметтік желі мен БАҚ беттерінде түрлі болжамдар тарады. Бірі оның қызметтегі ұстанымына қарсы адамдар шабуыл ұйымдастыруы мүмкін екенін жазса, енді бірі жұмыс барысында кикілжің болған, - дейді. Әзірге ресми мәлімдеме айтылмады. Ал күдікті сол жерде ұсталып, қамауға алынды. Полицейлер қылмыстық іс қозғап, тергеп-тексеру амалдарын жүргізіп жатыр.
Бақытжан Абдуллаев, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Шымкент қаласы әкімінің орынбасары оқ жарақатымен ауруханаға жеткізіліп, шұғыл түрде ота жасалды. Ота барысында қан тоқтатылып, алған жарақатынан келген зақымдар қалпына келтірілді. Қазіргі таңда өміріне ешқандай қауіп жоқ.