Түркістан облысында болған жантүршігерлік жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға Түлкібас ауданы Еңбекші ауылы маңында болған. Қатты жылдамдықпен келе жатқан автокөлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі ағашқа соғылған. Салдарынан бір әулеттің бес қызы көз жұмып, алтыншысы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Жасөспірімнің қазіргі жағдайына қатысты ата-анасы ақпарат таратуға тыйым салған.
Бейресми мәліметке қарағанда, көлік тізгінінде мектептің биылғы түлегі отырған. Жанында 19 жастағы туған әпкесі болған.
Бейсенкүл Күдериева, ауыл тұрғыны:
- Бұл апат түсіп келе жатқанда жоғарғы жақта болған ғой. Біздің Еңбекшінің үстіңгі жағында болған. Оны көрген жоқпын. Бірақ үйіне көңіл айтып барып-келдік. Байғұстар бәрі боздап жылап отыр. Менің немереммен оқиды екен, сол қыз екен рөлде. Мектепті бітірген қыз. ҰБТ тапсыратын қыздар екен. Жақсы кісінің қыздары еді, енді амал жоқ.
Гүлнәр Әбдужаппарова, облыстық ПД ресми өкілі:
- Қазіргі уақытта барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданатын болады. Полиция жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтауға және жолда мұқият болуға шақырады.