Ақтауда екі клиника басшысы қазына қаржысын жымқырған

  • 66
  • 01.07.2026, 19:36

Ақтаудағы екі медициналық орталықтың басшысына аса ірі мөлшерде қаржы жымқырды деген айып тағылды.

Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдіктілер екі жүзден астам ер адамға «варикоцеле» диагнозы бойынша құжаттарды рәсімдеу кезінде әйелдерге арналған емдік шараның қызмет кодын көрсеткен. Осылайша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен төленетін емдеу ақысын 10 есе ұлғайтып жазған. Салдарынан мемлекет қазынасына 221 млн теңге көлемінде шығын келгені анықталды. 

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- «ИБН СИНА» және «SOFIE MED GROUP» медициналық орталықтарының лауазымды тұлғалары ер адамдарға әйелдерге арналған жоғары технологиялық операцияның қызмет кодын көрсеткен. 19 жағдайда пациенттер аталған клиникаларға жүгінгенін мүлде растаған жоқ. Тергеп-тексеру жалғасуда.