Тайландтан есірткі тасымалдамақ болған қазақстандық бойжеткен 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны аса ірі мөлшердегі есірткі заттарының контрабандасы және заңсыз айналымы үшін кінәлі деп тапты. 22 жастағы қыздың ақша үшін елімізге жалпы салмағы 8,8 келі каннабис сығындысы салынған екі чемоданды жеткізуге келіскені анықталған. Алайда Алматы әуежайында заңсыз тасымалдың жолы кесілді.
Сырдаш Зихруллаев, Алматы қаласының авиациялық көлік прокуратурасының прокуроры:
-Алматы халықаралық әуежайына келген бойда құқыққорғау органдары қызметкерлері тарапынан ұсталды. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Соттың үкімі шықты. Алайда сотталған азаматша және оның қорғаушысы тарапынан сот үкімімен келіспеген жөнінде аппеляциялық сот алқасына шағым келтірілген болатын. Қазіргі таңда аппеляциялық сот алқасы қылмыстық істі жан-жақты қарап, сот үкімін өзгеріссіз қалдыртты.