Заңсыз интернет-казиноларды жарнамалаған блогерге іздеу жарияланды

  • 6
  • 10.08.2026, 19:36

Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі Өзбекстан азаматына халықаралық іздеу жариялады. «Маhа.dxb» бүркеніш есімімен танымал болған блогер, 2000 жылы туған Махмуд Хикматов SultanGames, PINCO, Nomadcasino, Pin-Up, Vavada және басқа да заңсыз интернет-казиноларды жарнамалап, насихаттады деген күдікке ілінді. Құзырлы органның мәліметінше, Қазақстан аумағында интернет-казинолардың заңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасайтын тұрақты жүйе құрылған. Ол арқылы интернет-казино интерфейсі ұсынылып, ақша қабылдау және төлеу жолға қойылған. Сондай-ақ ел азаматтарын құмаройындарға көптеп тарту үшін жарнама таратылған. Интернет-казиноларды жарнамалауға ұйымдастырушылар блогер Хикматовты тартқан. Ал ол Қазақстанда жұмыс істейтін инфлюенсерлерге жарнамалар жариялатуға міндеттелген екен.

Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:

- Ол барлығы 35-тен астам блогерді, оның ішінде блогер Қамза Қайсарды тартқан. Аудиториясы ауқымды Қамза интернет-казиноларға апаратын рефералдық сілтемелерді жариялап, Қазақстан азаматтарын тыйым салынған құмаройындарға әдейі тартқан. Ол пайдаланушылардың әрбір өтуі үшін сыйақы алып отырған. Еске салайық, Қамза Қ. биылғы 6 тамызда Вьетнам Социалистік Республикасынан экстрадицияланды. Іздеудегі адамның қайда жүргені туралы қандай да бір мәлімет білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарлауыңызды сұраймыз: +7 7172 70 84 78 - кезекші бөлім, 1458 - байланыс орталығы. Сыйақы төленетініне және хабар берген адамның аты-жөні құпия сақталатынына кепілдік беріледі.