Алматы облысында 851 көлікті заңсыз тіркеген ұйымдасқан қылмыстық топтың 17 мүшесі сотталды. Айыпталушылардың қатарында полиция қызметкерлері, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары және жеке нотариустар бар. Олар алғашқы кезеңде елге әкелінген 642 жүк көлігін заңсыз тіркеген. Кейін жеңіл көліктерге бұрын тіркеліп, кейін есептен шығарылған автокөліктердің VIN-кодтарын жазып берген. Осы тәсілмен 209 көлік заңдастырылыпты.
Қылмыстық топ мүшелері ақпараттық жүйелерге жалған мәлімет енгізіп, көліктерді тұлғалардың атына рәсімдеу үшін заңсыз сенімхаттар жасаған. Қылмыстың салдарынан екі жыл ішінде мемлекетке 6,6 миллиард теңгеден астам тіркеу және утиль алымы төленбеген.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
- Сот олардың әрқайсысына қылмыстағы рөлі мен қатысу деңгейіне қарай 2 жылдан 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар сот үкімімен сотталғандардың қылмыстық табысқа сатып алған бес автокөлігі мемлекет кірісіне тәркіленді. Бұрынғы төрт полиция қызметкері арнайы атақтарынан айырылды. Қатысы бар нотариустарға сот нотариаттық қызметпен айналысуға тыйым салды.