Қорғаныс министрлігі Каспий теңізінде жүргізілген іздестіру-құтқару операциясының аяқталғанын хабарлады. Бұл жұмыстар қорғаныс министрі Дәурен Қосановтың басшылығымен жүргізілді. Жедел штаб құрамына Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі, төтенше жағдайлар және ішкі істер министрліктері мен Маңғыстау облысының атқарушы орган өкілдері кірді. Іздестіру –құтқару операциясына 252 әскери қызметші, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Су айдыны, жағалау аймағы және іргелес аумақтар әуеден үздіксіз бақыланды.