Үкіметтік комиссия Маңғыстаудағы оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр

  • 8
  • 25.09.2026, 18:42

Каспий теңізінде болған қайғылы оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасуда. Үкіметтік комиссия мүшелері себеп-салдарын анықтап, бүге-шігесіне дейін тексеріп жатыр. Айта кетейік, бүгін таңертең соңғы екі сарбаздың денесі судан шығарылды.

Кеше жауынгерлік оқу- жаттығу кезінде 17 әскери қызметшіні күшті жел ашық теңізге алып кеткен еді. Олардың үшеуі құтқарылып, 14 сарбаз қаза тапты.  Екі күнге созылған іздестіру-құтқару шаралары бүгін аяқталды. Құтқарылған үш сарбаздың бірі ауруханда ем алып жатыр. Талғат Исламұлы рет-ретімен баяндасын.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте әскери-теңіз күштерінің ауқымды оқу-жаттығуы кезінде болды. Жүрдек катер бортында болған теңіз десанты пәрмен берілген бойда тереңдігі 1 метрлік жағалауды кешіп, құрлыққа бет алған. Осы сәтте күшті желден көтерілген толқын сарбаздарды су түбіне алып кетеді. Жедел басталған іздеу-құтқару жұмысы бүгін таңғы сағат 9.15-те аяқталды. Әскерилерді теңізден іздестіруге авиация, 252 адам, 34 арнайы техника және сүңгуірлер тартылды. Бұл туралы Үкіметтік комиссия өкілі, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ербол Ізбергенов мәлімдеді.

Ербол Ізбергенов, үкіметтік комиссия өкілі:

- Тергеу барысында болған оқиғаға қатысты барлық сұрақтарға толық жауап беріледі. Әрбір дерек мұқият тексеріліп, оқиғаға қатысы бар барлық тұлғалардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Тергеу және сот нәтижесінде кінәсі анықталған тұлғалар заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Үкіметтік комиссия өз жұмысын жалғастыруда. Негізгі міндет - қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын объективті түрде анықтап, қажетті шаралардың барлығын қабылдау.

Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтік комиссия отырысында Ақтаудағы көпбейінді ауруханада жатқан әскери қызметшінің жай-күйі туралы мәселе жеке қаралды. Оның қазіргі жағдайы тұрақты, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Сарбаздың жанында ата-анасы бар.

Тимур Қыдырниязов, сарбаздың әкесі:

- Баламның жағдайын көрдім, шүкір. Әрине, естіген жағдайда қобалжыдық. Уайымдадық. Кірдік, сөйлестік. Кеше де жағдайы жақсы болды. Бүгін таңертең палатаға ауыстырды. Аман-сау.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Қазақстандық әуе компаниялары қаза тапқан және аман қалған әскери қызметкерлердің туыстарына тегін ұшу мүмкіндігін ұсынды. Билеттер 25-қыркүйектен 3 қазанға дейін аралығындағы кез келген ішкі рейстерге арналған. Мемлекет тарапынан нақты қолдау болады. Айта кетсек, бүгін Орал әуежайына Каспий теңізіндегі қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан 3 әскери қызметшінің сүйегі арнайы ұшақпен жеткізілді. Қаза тапқан сарбаздармен қоштасу және оларды жерлеу рәсімі ертең өтеді.

Автолар: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев, Саламат Бекбаев.