Жыл басынан бері Жамбыл облысында интернет-алаяқтықпен айналысқан 88 адам ұсталды. Көбі арзан бағамен тауар сатамын деп алдаса, енді бірі қайтарымсыз грант алып беруге уәде еткен. Тұрғындардың ақшасын алған бойда ізім-ғайым жоғалған. Жалпы биыл 10 айда облыста 787 алаяқтық дерегі тіркелді. Бұл қылмысты ашу қиын. Күдіктінің көбі алыста отырып-ақ халықтың қалтасын қағып жатыр.
Айнұр, қала тұрғыны:
- Жеңілдікке алданып, тауарға тапсырыс бергім келді. Алайда сатушылар менен 400 мың теңге көлемінде алдын ала төлем сұрады. Олар көрсеткен нөмірге ақшаны аудардым. Бірақ содан кейін байланысқа шықпай, WhatsApp желісінде мені бұғаттап тастады. Осыдан кейін полицияға арыз жаздым. Бір аптаның ішінде ақшамды қайтарып берді. Кейін бұл адамдардың алаяқ екенін, олардан басқа да көптеген адамның зардап шеккенін білдім.
Былтыр Айнұр секілді 1086 тұрғын алаяқтардың арбауына түссе, биыл 787 адам алданған. Мәселен, алаяқтардың бірі өзін жүк тасымалдау компаниясының басшысы ретінде таныстырып, шаруалардың жем-шөбін Ауғанстанға жеткізіп беруге уәде берген. Оған сенген шаруалар 22 миллион теңгесінен айырылып отыр. Сондай-ақ шетелдік интернет-алаяқтарға SIM-карта тіркеп беріп отырған күдіктілер де анықталды.
Сағи Романов, облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
- Жүргізілген жедел-іздестіру шарасының нәтижесінде интернет-алаяқтық дерегімен кәсіби айналысып жүрген 88 тұлға анықталып, жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар SIM-карталарды белсенді тіркеумен айналысатын 18 тұлға анықталып, 700-ге жуық SIM-карталар тәркіленіп алынды. Интернет-алаяқтық дерегі бойынша ауырлық санатына сәйкес, 3 жылдан 5 жылға дейін және де 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жауапкершілігі көзделген.
Кибералаяқтар әлеуметтік желі мен телефон арқылы байланысқа шығып, түрлі айла-тәсілмен тұрғындардың ақшасын иемденеді. Әсіресе жалған инвестициялық жобалар, арзан тауарлар мен мемлекеттік төлемдерге қатысты ұсыныстар жиі кездеседі. Жан-жақты ақпараттық түсіндіру жұмыстарына қарамастан, тұрғындар алаяқтардың арбауына жиі түседі.
Қылмыстың алдын алу үшін өңірде интернет алаяқтыққа қарсы мекемеаралық киберпол басқармасы жұмыс істеп тұр. Мекеме алаяқтардың шоттарын анықтап, бұғаттап, шығындарды қайтарумен айналысады. Қылмыстың алдын алу үшін биыл облыс тұрғындарымен 499 кездесу өтіп, 35 мыңнан астам ақпараттық парақша таратылды.
Мерей Бает, Бақытжан Бапаев