Еліміздің төрт өңірінде күшті әсер ететін препараттардың заңсыз айналымымен айналысқан топ мүшелері қолға түсті. Атап айтқанда, Көкшетау, Щучинск қалалары мен «Бурабай» курорттық аймағында жеткізу және таратуды жолға қойған 11 адам ұсталды. Олардың арасында фармацевтикалық компаниялардың иелері мен курьерлер бар.
Тінту кезінде «Тропикамед» препаратының 50 мыңнан астам құтысы мен басқа да 4 мың дәрі және атыс қаруы, бірнеше автокөлік және ірі көлемдегі ақша тәркіленді. Мұндай іс-шаралар Қарағанды және Теміртау қалаларында да жүргізіліп, 10 адам ұсталды.
Қуандық Алпыс, ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі:
– Олардың Қарағанды облысының аумағында күшті әсер ететін психотроптық препараттарды өткізуге қатысы бар екенін растайтын дәлелдер жиналды. Тінту барысында психоактивті заттар, травматикалық және суық қару анықталып, тәркіленді. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде күшті әсер ететін препараттарды заңсыз таратудың бірнеше арнасының қызметі тоқтатылып, қауіпті өнімдердің едәуір көлемі заңсыз айналымнан алынды және олардың халық арасында одан әрі таралуына жол берілмеді.