Ақтөбе облысында есірткі сататын интернет-дүкенге ақша аударумен айналысқан топ құрықталды. Қала тұрғыны әлеуметтік желілерде ақша айырбастайтын топ құрып, оған жеті сыбайласын тартқаны анықталды. Өзара міндеттерді бөлісіп, тәулік бойы жұмыс істеген. Сатып алушы интернет-дүкен операторларының айтуымен ақшаны осы топқа жолдаған соң, оған есірткі жасырылған орынның мекенжайы жіберілген. Ақша дроперлердің, яғни өзге адамдардың атына ашылған карталардан өтіп отырған.
Ернар Тайжан, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі:
- Кейін түскен ақшаны криптовалютаға айырбастап, криптоәмияндарға аударып отырған. Ақшаның жалпы көлемі 918 мың USDT-ден асқан. Бұл 400 млн теңгеден астам сомаға тең. Қылмыстық әрекетті ұйымдастырған адам қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.