Зайсан аудандық ауруханасында 20 орындық инфекциялық бөлімше дайын тұр
Кеше әлеуметтік желіде желдей ескен ақпарат зайсандықтардың зәресін алып, түн ұйқысын қашырды. Әсіресе Қытаймен шекаралас тұрған Сарытерек және Айнабұлақ ауылының тұрғындары топ болып көшеге шығып, ауруханалардың алдына жиналды. Олар шекараның жабылуын талап еткен. Десе де дүрлігудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Жергілікті әкімдік бұл ақпараттың жалған екенін айтып, даурыққан жұртты басуға тырысқанымен, дерттен қауіптенген халық тарқай қойған жоқ. Ақыры оқиғаға облыс әкімінің өзі араласуына тура келді. Даниал Ахметов ауданға арнайы ұшып барып, шекарадан бір де бір шетел азаматын өткізбеуге уәде етті.
Зайсан ауданындағы Сарытерек және Айнабұлақ ауылдары Қытаймен шекаралас. Көрші елде қауіпті вирус етек жайғалы ауылдағы ағайынның көңілі күпті, құлағы түрік. «Аудандық ауруханада Қытай азаматтарын емдейді-мыс» деген жалған ақпаратқа сенімсіздік танытқанымен, сезіктенбей отыра алмай, көшеге шыққан. Әкімдік бұл ақпараттың жалған екенін айтып түсіндірді, халықтың күпті көңілін басу үшін ауданға облыс әкімі Даниал Ахметов те арнайы барды. «Шекарадан бір де бір шетел азаматы өтпейді», – деді әкім.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Қазір шекарадан басқа елдің азаматтары өтпейді. Тек қана қазақстандықтар өтеді.
Шығыс Қазақстан облысында Қытаймен шекаралас «Майқапшағай» және «Бақты» кеден бекеттері бар. Қазір екі бекет те штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Санитарлық дәрігерлер өткен-кетендерді бақылайды, тепловизорлар орнатылған.
Ерболат Нұралин, Бақты кеден бекеті басшысының орынбасары:
- Қазіргі уақытта Бақты кеден бекетінде коронавирус бойынша жағдай тұрақты. 20 ақпандағы мәліметке сенсек, ҚХР-дан кеден бекеті арқылы бір ғана жүргізуші өтті. Басқа ҚХР немесе ҚР азаматтары шекарадан өткізілген жоқ.
Қытай аумағынан 6 азамат елге кіруі тиіс. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов олардың денсаулықтары жөнінде мәлімет беріп, коронавирус белгісі анықталмағанын хабарлады. Дегенмен оларды 14 күндік карантиндік мерзім күтіп тұр. Зайсан аудандық ауруханасының жанында 20 орынға шақталған инфекциялық бөлімше бар.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Қазақ елінің азаматтары соларды елге кіргізбей, «елден қуамыз» деген сөз енді көтерілмеуі керек. Әрине олар сол ауданның тұрғындары болғандықтан, олардың туыстары, ата-аналары бар.
Сондай-ақ сала министрі Жапониядағы лайнердегі екі қазақстандықтан коронавирустың табылмағанын мәлімдеді. Ал қалған екеуі бойынша анализдің қорытындысы әлі шыққан жоқ. Айта өту керек, бұған дейін Жапониядағы круиздік лайнерде 4 қазақстандықтың бары хабарланған. Ал қазақстандықтарды Қытайдан эвакуациялау шарасы әлі де жүріп жатыр. Баспасөз мәслихатында министр Уханьннан эвакуацияланған Украина азаматтарының арасында екі қазақстандықтың бірі не үшін қалып қойғанын да айтып берді.
Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Расымен де күдікті екі азамат болған. Біреуінің температурасына байланысты Қытайдың дәрігерлері ұшаққа отыруға рұқсат берген жоқ. Бұл да дұрыс деп санаймыз. Консулдық қызмет тікелей байланыста, оллардан ақпарат күтіп отырмыз. Басқа мүмкіндіктерді қарастырып, елге оралу мәселесін көздеп отырмыз.
Қазақстан коронавирусқа қарсы қорғанысты күшейте түседі. 6 ақпаннан бастап келген 488 мыңнан астам азамат тексерістен өткен, бір де бір азаматтан вирус тіркелген жоқ. Яғни Қазақстан таза.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Аян Сәрсенбаев