Мас жүргізушінің кесірінен әйел адам екі аяғынан айырылды
Таңғы сағат 07:00 шамасында Ford көлігінің жүргізушісі аялдамада тұрған әйелді қаққан. Артынша жол жиегіндегі көлікке соғылып, аударылады. Көлік апатынан зардап шеккен әйел жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, оның жағдайы ауыр. Көліктің астында басылып қалғандықтан, екі аяғын кесуге тура келген.
Оңласын Ибекенов, қалалық ЖМКК ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Екі аяғына да ампутация жасалды. Қазіргі таңда жағдайы ауыр. Реанимация бөлімшесінде тиісті ем қабылдап жатыр. Есіне келген жоқ. Жағдайы әлі ауыр. Болжам айту ертерек.
Ал апатқа себепкер болған көліктің жүргізушісі сол жерде тұтқындалған. Қалалық ІІД мәліметінше, ол көлікті мас күйінде жүргізген.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
- Көлікті тізгіндеген азамат мас болып шықты. Ол – сот наркологиялық сараптамысымен дәлелденген дерек. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабының нормаларыны сәйкес, жүргізуші ұсталып, қамауға алынды.