Павлодарлық іздеушілер қазақ жауынгерінің жатқан жерін тапты
Мысалы, Ресейдің Ленинград облысы, Волосов ауданынан 75 жыл бойы белгісіз болған қазақ жауынгерінің жатқан жері анықталды. Ертіс өңірінің тумасы Иван Дүйсенов 1944 жылы Ленинградты қорғау ұрыстарына қатысып, сол жерде жан тапсырған.
Ержүрек сарбаздың ұрпақтарына сүйінші хабар жетті. Қуанышы қойынына сыймаған олар енді бабасының бейітін көріп, қазақ жерінің бір уыс топырағын апаруды армандайды.
Иван Дүйсенов Ленинград облысының Бегулицы ауылындағы молаға жерленген. 29 жасында соғысқа аттанған сарбаздың ұлы Исахан әкесін соңғы демі қалғанша іздепті. Әке арманы батырдың немересі Мәдина Дүйсеноваға аманат болып қалған. Жауынгердің ұрпақтарына қуанышты хабарды «Форпост» іздеушілер жасағы жеткізген.
Мәдина Дүйсенова, Иван Дүйсеновтің немересі:
- Әкеміз көп жылдар бойы хабар күтті. Осы күнді көре алмай кетті. Өкінішті. Батырларымыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын! Біз ешқашан оларды ұмытпаймыз.
Ақмарал Есімханова, тілші:
- Сұрапыл соғыс жылдары теміржол вокзалы болған жерден вагондармен 46 мыңнан астам павлодарлық жауынгер қан майданға аттанды. Олардың тең жартысы туған жердің төсіне оралған жоқ. Ұлы Жеңіске 75 жыл толса да, 9 мыңнан астам сарбаз әлі күнге дейін хабар-ошарсыз кеткендердің қатарында.
Ертіс өңірі әу бастан іздеу қозғалысының орталығы саналады. Бүгінде павлодарлық іздеушілер хабарсыз кеткен жүздеген жауынгер туралы мағлұмат іздеп, туыстарына жеткізген. Жұмыс бір сәтке де тоқтамақ емес. Бұл іске батыр бабаларымыздың немере-шөберелері де атсалысуда.
Жұмабек Қамзин, қоғам қайраткері:
- Жеңіс күнінің алдында бір отбасының екі шөбересін Кремльдің іргесіне жіберейін деп жатырмыз. Кремль іргесінде белгісіз жауынгердің бейіті бар. Сол жерде мәңгілік алау бар. Сондықтан сонда елдің топырағын апарып, дұға оқып келер деген тілегіміз бар.
Мұрағатта сақталған құнды мәліметтер де жарыққа шығуда. Осы күнге дейін хабарсыз кеткен жауынгерлер туралы ақпарат «Боздақтар» атты естелік кітабының V томына енгізілген. Кітаптың VI томы қалың көпшілікке жол тартты.
Халел Әкімханов, облыстық мемлекеттік мұрағаттың қызметкері:
- Бұл естелік кітапқа кіргені – 574 павлодарлық жауынгер. Кітапқа қайтыс болған, қаза тапқан, хабарсыз кеткендер енген. Деректер үнемі жаңарып отыратындықтан, кітапқа тағы да 600 жауынгер жазылды. Бұрынғысының ішінде хабарсыз кеткендері, жатқан жерлері белгісіз болғандары да бар.
Бүгінде естелік кітаптың VI томына 2 мыңға жуық сарбаз туралы мәлімет жинақталып, бұқараға таратылған. Енді «Жеңімпаздар» кітабы жарық көрмек.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий