+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Шығыстағы ветеринарлар соңғы 3 айдың еңбекақысын ала алмай жүр

  • Категория: Оқиға
Шығыстағы ветеринарлар соңғы 3 айдың еңбекақысын ала алмай жүр

Мамандардың сөзінше, жалақыға қатысты мәселе 2020 жылы туындаған.

Өйткені өткен жылдың қаңтарынан бері облыстық бюджеттен қаржыландырыла бастаған көрінеді. Тек еңбекақы емес бұл саланың материалдық-техникалық жағдайына байланысты да шағым көп.

Белқарағай ауылдық округіне қарасты ветеринарлық тірек пунктінің меңгерушісі Сайран Оқасов өзі отыратын нысанның отымен кіріп, күлімен шығады. Ескі ғимараттың алқам-салқамы шыққан. Төбесі мен қабырғасы опырылып тұр. Дегенмен 4 ауылдың малына вакцина жасап, қанын алып, сырға салып, сойылатын малға анықтама береді. Осы жұмыстың бәріне жауапты маман 60-70 мың шамасындағы еңбекақының уақытында берілмеуіне қынжылады.

Сайран Оқасов, Белқарағай ауылдық ветеринарлық пункт меңгерушісі:

-Жалақымызға келсек, ол кішкене ұяттау. Былтыр қараша айының жартысын төлеген. Былтыр аудандық бюджеттен облыстық бюджетке ауысқанымызда 4 ай, мамыр айына дейін берілген жоқ. Сондай жағдаймен қарашаға жетіп ек, қарашадан кейін 50 мыңдай аударды да, жоқ болып қалды. Сүйіп ұнатқан жұмысымның беделі кетіп қалғанына өкінем.

Беделі кетіп қалғанына өкінсе де, жұмысын тастағысы жоқ. Қотанқарай аудандық ветеринарлық бөлімінде қазір 70-ке жуық маман істейді. Бірнеше айлап еңбекақының кешігуі мен материалдық жағдайдың нашарлығынан кейбір тәжірибелі мамандар жеке шаруашылықтарға кетіп жатыр. Солардың бірі – Аманжан Тоқтағанов.

Аманжан Тоқтағанов, шаруа қожалығының ветеринары:

-Ал нағыз осы жұмысты істейтін мал дәрігерлерінің саны аз ғана-ақ. Жоқ. Өйткені еңбекақылары мардымсыз. Жұмысы ауыр. Малдан неше түрлі ауру жұқтыру қауіп бар. Бірақ мемлекет тарапынан ешқандай әлеуметтік сақтандыру жүргізілмейді.

Сақтандыру жүргізілмейтінін осы салаға жауапты басшылар да біледі. Ал еңбекақының уақытылы төленбеуін ауданнан  облыстық бюджетке өтумен және пандемиямен байланыстарады.

Рақымғали Байгереев, «Қатонқарағай-вет» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры:

-Көтерілген еңбекақымен істеп келдік қой. Бірақ қараша, желтоқсан айларында қаржат қарастырылмай қалды. Өйткені бізге түсіндіргені пандемияға байланысты деді.

Жалпы облыста қазір 1500 мың маман жұмыс істейді. Көбісі зейнеткерлік жаста. Ал  берекесі кеткен ветеринария саласына жастардың да келгісі жоқ. 

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов