Көкшетауда автобус пен жеңіл көлік соқтығысты
16 қаңтарда шамамен сағат 19:30-да Audi А6 автокөлігінің жүргізушісі Көкшетау қаласының 21 жастағы тұрғыны көшемен келе жатып, Ғабдуллин көшесімен солтүстік бағытта, көлік құралының қозғалысын тұрақты бақылау мүмкіндігін қамтамасыз етпейтін жылдамдықпен аялдаманың жанында, қозғалыс қарқындылығын, көлік құралының ерекшеліктері мен жай-күйін, жол және метеорологиялық жағдайларды ескермей, қарсы бағытта келе жатқан 60 жастағы жергілікті тұрғын жүргізген «Ютон» автобуспен соқтығысуға жол бергені алдын ала анықталды.
ЖКО нәтижесінде автомобильдерге механикалық зақым келтірілген. Audi А6 автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі жарақаттармен көпбейінді облыстық ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.