Қаңтар оқиғасында жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 460 адамға үкім шықты
Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті бастығының орынбасары атқарылған іс бойынша есеп берді.
Жауапкершілікке тартылғандардың ішінде қоғамдық жұмысқа жіберілгендері бар, айыппұл салынып босатылғандары бар. Ал ауыр қылмысы үшін 83 адам түрмеге тоғытылды. Тағы да 600 ге жуық күдіктінің үстінен қозғалған 300 ден астам қылмыстық іс сотқа жолданған. Олардың дені – ұрлық, тонау, бұзақылық жасағандар, өзгелердің көлігін айдап қолды қылғандар, құқық қорғау органдарына қарсы шабуыл жасағандар.
Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, мародерлық жасағандар 13 адам келтірілген шығынды өтегені үшін қылмыстық жауапкершіліктен босатылған. Полицейлер көлемі 343 млн теңгеден астам сомаға бағаланатын ұрланған мүлікті тапқан. Оның ішінде 12 автокөлік, 300-ден астам тұрмыстық техника, 200-дей зергерлік бұйым және 400-ге жуық ұялы телефон және киім-кешек иелеріне қайтарылған. Бұған қоса ұрланған 16 млн теңге ақша да тәркіленген. Қазір полицейлер ұрылардың қолында кеткен 2 мыңнан астам қаруды іздеуді жалғастыруда.
Мұхтар Қожаев, ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары:
- Жалпы 1 729 қару мен 42 мың оқ-дәрі заңсыз айналымнан алынды. Оның ішінде 13 гранататқыш, 6 оқжаудырғыш, 169 автомат, 374 тапанша, 266 травматикалық және газды қару бар. Азаматтарды қару тапқан жағдайда Ішкі істер органдарына өз еркімен хабарлауға шақырамыз.
Қаңтар оқиғасы аяқталғалы жарты жыл өтті. Осы күнге дейін тәртіпсіздік болған сегіз өңірде 30 мыңнан астам сотқа дейінгі тергеп тексерулер жүргізілген. 4 мыңнан артық сот сараптамалары тағайындалған. Бұл – бас прокуратураның келтірген мәліметі. Лаңкестік актілерімен 32 қылмыстық іс сотқа жолданған. Дәл қазір 349 күдікті қамауда отыр.
Елдос Қилымжанов, ҚР Бас прокуратураның бірінші қызмет бастығының орынбасары:
- Әрбір қамауға алынған адамның қылмысқа қатыстылығы туралы жеткілікті мәлімет бар. Қаңтар оқиғасы бойынша сотқа 479 қылмыстық іс жолданып, 545 адам сотталды. Билік өкілдеріне қатысты күш қолданған, ауыр қылмыс жасаған 83 сотталушы бас бостандығынан айыру жазасын алды.