Рудный қаласында тағы жылу құбыры жарылды
Күні бойына 78 тұрғын үй, 17 ғимарат жылусыз қалды. Бұл жылу маусымы басталғалы бері төртінші коммуналдық апат. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кешке дейін жылу қайта беріледі деп жоспарланған. Жергілікті жұртты әбігерге салған құбырдың осы бөлігін биыл толық ауыстыру көзделіп отыр.
Азамат Ысқақов, Рудный қаласы әкімінің орынбасары:
- Қазір біз құбырды жаңартуға қатысты сметалық есебін дайындап жатырмыз. Биыл қалайда әбден ескірген жылу желісінің осы бөлігін ауыстыру жұмыстарын жүргіземіз.
Ал Екібастұз қаласының тұрғындары қаңтар айына тиесілі жылу ақысының тек 30% төлейтін болды. Қалғанын монополист компания өз мойнына алды. Жылу энерго орталығы жұмыс істеп тұр. Бірақ жылумен қамту қалыпты нормадан төмен. Сол себепті мектептер қашықтан оқытуға көшіріліп, балабақшалар жанынан кезекші топтар ашылған. Тұрғындардың кейбірі пәтерлерін жауып, пешпен жылытылатын жер үйлерге көшіп жатыр. Соңғы екі күнде жылу желілерінен 19 кемшілік табылған. Ал қаланың 4 жылу магистралін жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр.