Ақтөбеде жыл басынан бері 107 өрт тіркелген
Ақтөбеде жыл басынан бері 107 өрт тіркелген. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда тұрғын үйлер мен өзге де нысандардың өртенуі екі есеге артқан. Төрт айда тілсіз жаудан алты адам көз жұмып, тағы алтауы жарақат алды. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері сәуір басталғалы саяжайларда үш рет өрт болып, үш адам жарақат алғанын айтады. Сондықтан мамандар облыс орталығындағы барлық жеке тұрғын үй секторларын аралап, қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Жыл басынан бері жалынның көмегімен ауласындағы қоқыстан арылмақшы болған 11 адам жауапқа тартылып, 1 млн 769 мың теңге айыппұл салынған.
Айбат Жаңабергенов, қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы:
- Биыл 56 тұрғын үйінде және де автокөліктерде 46 өрт оқиғасы тіркелді. Екі есеге ұлғайып отыр. Сол себепті тағы да осы қала тұрғындары мен қонақтарын өрт қауіпсіздігі ережелерін, талаптарын сақтауға шақырамыз. Тұрмыстық қалдықты, қоқысты жақпауға, үлкен көлемді қоқысты қаламыздың сыртындағы арнайы полигондарға шығаруға кеңес береміз.