Тәуелсіз Қазақстан тарихында 12 рет аза тұту күні жарияланды
Тәуелсіз Қазақстан тарихында 12 рет аза тұту күні жарияланды. Әрқайсында көптеген адам қаза тауып, қазақстандықтардың қабырғасы қайысты. Олар қандай оқиғалар еді?
2006 жылдың 22 қыркүйегі.
Содан екі күн бұрын Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада техногендік апат болып, жарылыс салдарынан 41 кенші қайтыс болды.
2008 жылдың 14-16 қаңтар аралығы Абай шахтасында 400 метр тереңдікте метан газы жарылып, 30 адам қаза тапты.
2010 жылдың 16 наурызы.
Сол жылы наурыздың 11-нен 12-не қараған түні Алматы облысындағы Қызылағаш ауылын қызыл су басты. Қайғылы жағдайдан 43 адам көз жұмды, олардың арасында сегіз бала болған.
2012 жылдың 5 маусымы.
28 мамырда «Арқанкерген» шекара қызметінде 14 шекарашы мен қорықшы қаза тапты. Тірі қалған жалғыз сарбаз - Владислав Челах қанды оқиғаға кінәлі деп танылды. Қазір ол темір тордың арғы жағында жазасын өтеп жатыр.
2012 жылдың 27 желтоқсаны.
25 желтоқсанда Шымкент маңында АН-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Әуе көлігінің бортында болған 27 адамның барлығы қаза тапты.
2013 жылдың 31 қаңтары.
Жаңа жыл алдында SCAT ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 21 адам қаза тапты. Әуе кемесі Көкшетау - Алматы бағытындағы ішкі рейсті орындау кезінде Алматы әуежайы маңында құлаған.
2016 жылдың 9 маусымы.
Ақтөбеде террористер ылаң салды. Террорлық акт салдарынан лаңкестердің қолынан 8 адам қаза тапты. Антитеррорлық операция кезінде 18 қылмыскердің көзі жойылды.
2019 жылдың 28 желтоқсаны.
2019 жылы 27 желтоқсанда Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 93 жолаушы мінген бортта 15 адам көз жұмды.
2020 жылдың 13 шілдесі.
Коронавирустың алғашқы толқынында 375 науқас қайтыс болған. Күні бүгінге дейін індеттен көз жұмғандардың саны 13 800-ден асты.
2021 жылдың 29 тамызы.
26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрттің соңы жарылыстарға ұласты. Ауданда төтенше жағдай жарияланды. Апат кезінде 16 адам қаза тапты.
2022 жылдың 10 қаңтары.
Қаңтардың алғашгқы аптасында болған елдегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде 238 адам қайтыс болды. Осыған байланысты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 10 қаңтарды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған.
2023 жыл, 12 маусым – Абай облысындағы орман өрті. 8 маусымда басталған Семей орманының өрті әлі күнге дейін толық сөндірілген жоқ. Қызыл жалын 60 мың гектардан астам аумақты шарпыды. Тілсіз жау 14 адамның өмірін жалмады.