БҚО орманшылары Семейдегі өрттен қаза тапқан құрбандарды еске алды
Абай облысындағы алапат өрт пен ауыр ахуал батысқазақстандықтарды да бейжай қалдырмады. Орал орманшылары бүгінгі жұмыс күнін тілсіз жаумен күресте құрбан болған әріптестерін бір минут үнсіздікпен еске алудан бастады. Өмірінің ақырғы сәтіне дейін өз кәсіптеріне адал болып, ерлікпен қаза тапқандар ешқашан ұмытылмақ емес. Сөз алғандар осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды шығарылып, орман шаруашылықтарының материалдық техникалық базасын жақсартуға көңіл бөлінсе дейді.
Қайрат Есенғалиев, орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің директоры:
- Өте қиын жағдай. Барлық жақындарына көңіл айтамыз. Осы оқиғадан сабақ алу керекпіз деп есептеймін. Себебі әлі күнге дейін орман шаруашылығы қажетті деңгейде материалдық-техникалық базамен қамтамасыз ету, модернизациялау, басқа да тепловизор дейді, осындай камералар орнату, басқа да шаралар атқару керек деп есептеймін.
Батыс Қазақстан облысында 8 орман шаруашылығы бар, орман қоры 216 мың гектар. Биыл сәуірде облыс бюджетінен 1 млрд 187 млн теңге бөлініп, 25 трактор, 13 патрульдік автокөлік, орман-тоғайды әуеден бақылау үшін 3 квадрокоптер және өзге де қажетті құралдар алыныпты. Алайда орманшылардың қалыпты қызметін қамтамасыз етуге бұл әлі де жеткіліксіз. Мамандардың мәліметінше тағы 112 трактор, 133 мотоцикл, 122 патрульдік автокөлік керек. Ал өрт сөндіру техникаларының тозығы жеткен.