Астанада футбол қақпасы басып қалған бала мерт болды
Астанада 10 жасар балаға футбол қақпасы құлап, көз жұмды. Оқиға №10 мектептің аумағында болған. Аталған факті бойынша Байқоңыр аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.
Нариман Елманов, Астана қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары:
- Бізде 100 мектеп бар, барлығында спорт алаңдары бар. Бұл футбол алаңы негізі 2011 жылы салынған. 2019 жылы біздің дерек бойынша замена футбольная поля болған. Содан кейін ештеңе жасалмаған. Мектептің ауласында болған жағдай бойынша департамент полиция іс қозғалды. Іс бойынша қалай қорытынды шығады, солай бізге жеткізіледі.
Осы оқиғадан кейін Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі барлық спорттық құрал-жабдықтарды және 43 мың спорт нысанды тексеруге кірісті.
Айта кетейік, маусым айында Ақтауда 16 жастағы жасөспірім басына футбол қақпасы құлап, қайтыс болған еді. Ал мамыр айында Теміртаудағы 13 жасар бала да, осындай оқыс оқиғадан көз жұмды.
Асхат Оралов, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
- Біз алдағы 7 жылға спортты дамыту тұжырымдамасын әзірледік. Қазір министрлікпен бірге инвентаризация жүргізілуде. Еліміздің 2 өңірінде инвентаризация пилоттық режимде жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін барлық футбол нысанын қамтып, инвентаризация жүргізуді көздеп отырмыз. Осыдан кейін барып ғана біз әр аймақтың ахуалы мен ерекшелігін ескере отырып, қандай шаралар қабылдау қажеттігін айтатын боламыз