Анталияда екі отандасымыз жол апатынан көз жұмды
Анталияның Алания ауданында екі көлік соқтығысып, үш адам қаза болды. Оның екеуі - Қазақстан азаматы.
Анталияның Алания ауданында жол апаты кеше жергілікті уақытпен сағат 16:00 шамасында Газипаша- Анталия бағытында болған. Туристерді тасымалдаған сафари көлігі қарама-қарсы беттегі машинамен соқтығысқан. Темір тұлпардың жан-жағы ашық болғандықтан қатты соққы кезінде жолаушылар маңайға ұшып кеткен.
Өкінішке қарай, отандасымыз, белгілі журналист Арайлым Нұғманова мен оның екі жасар қызы Сымбат Нәсіпәліні құтқару мүмкін болмады. Жараланған 17 адамның 6 түрік, 7 Израиль, 2 Ресей және 2 Қазақстан азаматы екені белгілі болды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров таяу уақытта марқұмдардың денесі елге жеткізілетінін мәлім етті.