Хабар телеарнасы

Астананың теміржол вокзалынан қараусыз қалған бала табылды

Астананың теміржол вокзалында табылған үш жаcтағы балаға қатысты полиция тергеу амалдарын қолға алды. Қазір бөбектің анасы іздестіріліп жатыр.

Ал қалалық білім басқармасының хабарлауынша, сәбиді әжесі қамқорлығына алуға ниет танытып отыр. Белгілі болғандай, бүгінде бала дәрігерлердің бақылауына алынған. Медициналық тексеруден өткен соң балаларды қолдау орталығына орналыстырылады. Оның вокзалда жүргені осыдан бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде жария болған еді. Бұл жағдай көпшіліктің алаңдаушылығын туғызды. Кей азаматтар баланы асырап алуға ниетті екендіктерін де жазыпты.

Ләззат Қасымжанова, ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің ресми өкілі:

- Желілік полиция басқармасының қызметкерлері 3 жасар сәбиді қауіпті жағдайда қалдыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуде. Қазіргі уақытта бала профилактикалық мақсатқа сәйкес медициналық мекемеге орналастырылды. Баланың анасы іздестірілуде. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік Кодексінің 201-ші бабына сәйкес жария етілмейді.